Хабар телеарнасы

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 2 236 тұтқынға рақымшылық жасалды

Енді бір мың азамат абақтыдан босатылса, қалған мыңнан астамының жазасын өтеу мерзімі қысқартылады. Мұндай шешім ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қабылданды. Тиісті заң жобасын Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Мәжіліс отырысында таныстырды.

Оның айтуынша, рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, І және ІІ топтағы мүгедектерге, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қатысты. Қазір елде барлығы 64 түрме мен 16 тергеу изоляторы бар. Онда 34 мың азамат қамауда отыр. Олардың 93% ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған. Бостандыққа тек ауырлығы орташа заңбұзушылық жасағандар шығады.

Ғани Ташқараев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жұмыс берушілер жұмысқа қабылдау кезінде үміткерлердің сотталғандығы жоқ туралы анықтаманы талап ететінін бәріміз білеміз. Осыған байланысты сотталған болуы босатылған адамға жұмысқа орналасқан кезінде кедергі болмай ма? Бұл мәселе іс жүзінде қалай шешілмек?

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:

- Сұрағыңызға рақмет. Сотталған азаматтарға жұмыс берілуі керек. Заңға сәйкес, жергілікті органдар әр облыста арнайы квота береді. Сотталға азаматтар бостандыққа шығардың алдында пробациялық бақылаудағы біздің қызметкерлер жергілікті органға хаттама жібереді. Сол хаттама бойынша бостандыққа шыққан адамдар жұмысқа орналаса алады.