Хабар телеарнасы

Қазақстандықтар қан тапсыруға неге құлықсыз?

Соңғы уақытта облыстық қан орталығына келушілердің қатары 12 мыңнан 8-10 мың адамға дейін төмендеп кеткен. 

Ғалия Әбдіқалықова 10 жылдан бері жүйелі түрде қан тапсырып келеді. Ол әр жыл сайын кемінде үш рет қан орталығына келіп, науқас жандарға көмек беруді үрдіске айналдырған. Өзі де қаладағы ауруханалардың бірінде медбике болып қызмет атқарады екен. «Донор болу – өзгенің өмірі үшін араша түсумен қатар, өз денсаулығыңды жақсартудың бір жолы», - дейді ол.

Ғалия Әбдіқалықова, донор:

 - Бір ініміз жол көлік апатына ұшырап, соған қан керек болды. Содан бірден келіп қан тапсырдым. Кейін бірден донор болып кеттім. Қан тапсырып тұру денсаулыққа да пайдалы. Қан қысымың дұрыс, бас ауруың болмайды.

Дегенмен соңғы уақытта қан орталығына ерікті түрде келушілердің қатары азайған. Оның себебін дәрігерлер былай түсіндірді.

Гүлнар Күмісбаева, облыстық қан орталығының дәрігері:

 - Қан тапсырушылардың азаю себебі пандемияға байланысты деп ойлаймын, өйткені қазір келген донорлардың анализдері дұрыс болмай жатады. Сондықтан олар донор ретінде қан бере алмайды.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

 - Донарлар азайып кеткенін естігесін, мен де ерікті түрде қан тапсыруды жөн деп таптым. Осыдан 2 жыл бұрын бұл қан орталығына 12 мыңдай адам келіп, қан тапсыруға ниет білдірсе, бүгінде олар 8-10 мыңға дейін азайып кеткен. «Бұл – пандемияның әсері», - дейді дәрігерлер.

Донор болу ақылы қызмет емес, азаматтық әрі адами борыш екені анық. Дегенмен бүгінде әр қан тапсырған азаматқа небәрі 729 теңге төленеді екен. «Бұл кейбір студент жастардың бір тойып түстік ішуіне де жетпейді», - дейді мамандар.

Серік Игенбаев, облыстық қан орталығының директоры:

 - Осыдан 2 жыл бұрын облыстық Мәслихаттың шешімімен донорларды қолдау жөніндегі жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген. Сол кезде донорлар көбейген. Қазір өңірімізде де, қоғамда да қосымша қаражат бөлу мәселесін көтеріп жатыр. Бес-алты мың теңгеге дейін көтеру керек деп жатыр. Бұл көп қаражат емес.

Бұл ретте ақпараттық насихаттың да маңызы зор екенін айтады қан орталығындағылар. Дегенмен өңірдегі донор болуға шақырып тұрған жалғыз билбортың өзі адам нөпірі көп қала орталығына емес, шет аймаққа ілінуі, бұл тұрғыдағы жұмыстың кенже қалғанын аңғартқандай.

Донор қанын ұзақ сақтау мүмкін емес. Оны белгілі бір мерзім ішінде ауыстырып тұру керек. Осыдан-ақ қан қорын жаңартудың қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов