Хабар телеарнасы

Елорда іргесі – ну орман

Осы уақыт аралығында талай ілкімді іс ілгері басты. Жазық далаға жаңа астана салынды. Егемендіктің нышаны ретінде Бәйтерек тұрғызылды.

Бірақ осы «алып ағаштың» құрылысынан бұрын, тірі теректің тамыр тартқанын білесіз бе?

Ештеңе өнбейтіндей көрінген жазықтыққа алғашқы көшет сынақ ретінде 1997 жылы егілді. Ғылым мен тәуекелге толы істің арқасында шыбық жерсінді. Міне, содан бастап бүгінге дейін астананың айналасы жасыл желегі жайқалған баққа айналды.

Бірлік Берікұлы, тілші:

- Қазір астанамыз өсті, өркендеді. Қалада адам да, көлік те, ғимарат та көп. Ол жақсы, әрине. Бірақ кейде қым-қуыт тірліктен алыстап, демалғың келеді. Қазір біз мынау қаладан шығайық деп тұрмыз. Шаһардың шекарасынан аттаған соң ғана осы у-шуға толы дыбыстан арылатын шығармыз. Әр қаланың өзінің табиғи демалыс орны бар. Мәселен, Алматыда тау болса, Ақтауда Каспий теңізі. Ал Елордада ше? Елордада орман бар.

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген бастама 1997 жылы қолға алынды. Ол кезде топырағы тұзды, сазды далада орман болады дегенге көбі сенбеді. Күмәнмен қарады. Бірақ қажырлы еңбек күдікті сейілтті. «Жасыл белдеу» – соның айғағы.

Ақмоланың ауа райы құбылмалы. Арқаның аязы мен ызғарына төтеп беретін ағаш аз. Сондықтан мұнда көбіне шырша, қарағай, самырсын, емен, шегіршін мен жиде өседі. Қазір олар қаланы желдің өтінен қорғап тұр. Бас-аяғы 34 ағаштың түрі егілген.

Ардақ Айдарұлы, «Астана орманы» мекемесінің агрономы:

 - Осы жұмыстардың нәтижесінде бес жоба өмірге келді. 2021 жылға дейін осы ағаштардың ортасына жас көшеттер отырғызу және орманға айналдыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, осы жерге 4 млн астам жас көшет отырғызылды.

Бұл орман жолақты әдіспен егілген. Яғни 20 метр аумақ бос, 20 метр жер ағаш. Жаңа егілген өсімдікке ылғал керек. Сол үшін осылай жасапты.

Кешегі көшет 2009 жылы-ақ бұтағы бұлтқа ұмтылған бәйтерекке айналды. Содан бастап мамандар әлгі айтқан бос аумаққа жыл сайын көшет егеді.

Ерболат Шортыбаев, «Астана орманы» мекемесінің жетекші шебері:

 - Бұл жерде бір қатарда 500 ағаш, ал мына жақта 1500 ағаш. Арғы жақтан басқа бригада егіп келе жатыр, солармен қосыламыз. Суарамыз. Осымен биылғы көшет отырғызу жұмысы аяқталды.

Орманшылар жылына екі рет көшет егеді. Мәселен, биыл көктемде 452 266 түп ағаш отырғызылды. Жаз дамылдап, қыркүйектен бастап қазанның ортасына дейін тағы 437 885 көшеттің тамыры жерге тиді. «Екті, екті» деп бізге айту оңай болғанымен, қарапайым қанша жұмысшының еңбегі, маңдай тері және ыстық ықыласы жатыр?!

Айгүл Қисап, «Астана орманы» мекемесінің жұмысшысы:

 - Әрине, ағашты баптап, бала сияқты кішкентай кезінен тәрбиелесеңіз жақсы өседі ғой. Ол да бала сияқты. Өзім ағаш еккенді, гүл отырғызғанды жақсы көремін.

Ардақ Айдарұлы, «Астана орманы» мекемесінің агрономы:

 - Қарағай ағашын 2003 жылы еккен болсақ, оның алдында 2000 жылы қайың ағашы отырғызылған. Еккен кезде бойы 25 см болатын. 20 жылдың ішінде бойының биіктігі осынша болып өсті.

Қазір қалың орманның арасы аң-құсқа толы. Қоян, қарсақ, түлкі, кептер мен қырғауыл көп. Бұдан бөлек, келушілер үшін арнайы серуендейтін жол салынған. Жүгіріп, велосипед тебуге болады. Ал орман іші – отбасылық отырыстар үшін таптырмайтын орын. Айтпақшы, жақында атпен серуендейтін орталық ашылды. Қысы-жазы жұмыс істейді.

Бірлік Берікұлы, тілші

- Жасыл белдеудің ортасында атпен саяхаттайтын жолдың ұзындығы 14 шақырымға тең келеді. Мұндағы қызметкерлердің айтуы бойынша, келушілер үшін баптап, күтіп, ұстап отырған 10 шақты тұлпар бар. Қыста келсеңіз, атты шанаға жегіп береді, жазда, күзде, көктемде келіп жатсаңыз, қара жерде тұлпарды тізгіндеуге мүмкіндік бар.