Хабар телеарнасы

Жамбыл облысындағы «Ерназар-Қойгелді» бағытындағы жолға асфальт төселе бастады

Бұған дейін бұл түйткіл біздің телеарнадан бірнеше мәрте көрсетілген. Енді жолдың жөнделе бастағанын көрген ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ.

«Ерназар-Қойгелді» – бірнеше елді мекен мен қаланы жалғап жатқан әлеуметтік маңызға ие жол. Сапасы сын көтермейтін болған соң, бұл жермен көлік те, автобус та жүрмей қалған еді. Салдарынан қатынау қиындап, жұрт жол азабын қайта-қайта айтып, шағымданған болатын. Енді уәде етілген қаржы бөлініп, құрылыс басталды. Тұрғындар әкімдік халық сынына құлақ асып, оң нәтиже шығарып бергеніне алғыс білдірді.

Сәндіхан Әуесханұлы, Ерназар ауылының тұрғыны:

- Ауыл мынау тұр, Қаратау мынау тұр. Баяғыда автобус жүрген. Сүт сатқан, айран сатқан, құрт сатқан. Ауылдың бәрі солай күн көретін. Соның бәрі тоқтап қалды да, енді жақсы болды, рақмет.

Әбді Елшібеков, Ерназар ауылының тұрғыны:

- Осы жерге жарты сағаттай, қырық минуттай жүретінбіз. Қазір бес-ақ минутта жетіп келдік. Қандай керемет! Біз үшін мынау «автобан» болып тұр. Өзі шеттегі ауылмыз. Соның өзіне қозғалыс келіп, тағы да «Хабар» арнасына алғыс айтамыз.

Енді ауыл ақсақалдары: «Құрылыс сапасы мен мердігердің жұмысын өз бақылауымызға аламыз» деп отыр. Жоба бойынша асфальт ені – 6 метр, қалыңдығы 5 сантиметрден кем болмауы тиіс.

Қадыр Мырзаев, Ұлттық сапа орталығының инженері:

- «Тексерейік» деп екі керн алдық. Қалыңдығы 4,8 – 4,7 шықты. Бір жерде 5,8 шықты. Енді тығыздығын тексереміз. Асфальттің сапасын бақылаймыз.

Дегенмен 5 шақырым жолға биылдыққа 50 миллион теңге ғана қарастырылып отыр. Бұл жолдың тек жартысын ғана асфальттауға жеткілікті. Қалған бөлігі келесі жылға қалмақ. Алайда аудандық әкімдік жұмысты бірден аяқтау үшін мердігермен келіссөз жүргізіп жатқан көрінеді.

Әсет Көбей, Жамбыл аудандық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің маманы:

- Мердігердің өзінің қаражаты есебінен біз қазір кепілдік хат және нұсқаулар жазып береміз. Келесі жылдың басына дейін қаражаттарды толығымен өтеп беруге. Сонымен жұмыстарды биыл жұмысты толығымен аяқтауға тырысамыз.

Жалпы «Ерназар-Қойгелді» бағытындағы жөнделуі тиіс жолдың 9 шақырымы Жамбыл ауданына қарайды. Оның 5 шақырымы жоспарға сай төселіп  бітсе, қалған 4 шақырымы 2024 жылға қарай жөнделмек.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә