Хабар телеарнасы

«Маңғыстау – Алматы-2» пойызының вагондары жаңартылды

Жүрдек пойыз бұл аралықты екі тәуліктен сәл асқанда еңсереді. Сонымен қатар Каспий теңізінің жағалауы туризмді дамыту жағынан өте тартымды және осы жерден жүретін жаңа вагондар тек жергілікті тұрғындар арасында ғана емес, қонақтар мен туристер арасында да үлкен сұранысқа ие болады.

Жаңа жолаушылар вагондары салқындатқыш, бейнебақылау әрі өрт сөндіру жүйесімен жабдықталған. Купеде смартфон қуаттау үшін USB-порттары мен электр розеткасы бар. Тоңазытқыш, қысқатолқынды пешті қолдануға болады. Бір вагон тек әйелдерге арналған. Бүгін оған 36 жолаушы мінді. Бұл өзгеріс жуырда «Алматы – Өскемен» пойызына да енгізіледі деп жоспарланған.

Бибінұр Сакишева, жолаушы:

 - Әйелдерге арналған вагон керек деп санаймын. Өйткені емізулі баласы бар әйелдер ыңғайсыздануы мүмкін. Сол себептен ер адамдардан бөлек болғаны дұрыс. Бұрын ескі вагондар болды. Қазір барлығы жаңа, ішінде душ та бар.

Заманауи үлгідегі вагондар ресейлік «Тверь» кәсіпорнының технологиясы бойынша «Тұлпар» зауытында құрастырылған. Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында сатып алынды. Қаржыны «Өнеркәсіпті қолдау қоры» акционерлік қоғамы бөлді.

Питер Штурм, «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры:

 - Ағымдағы жылдың қазан айында 28 жаңа вагон алдық. Соның 18-і осы «Маңғыстау – Алматы» бағытындағы пойыздың құрамына қосылды. Барлығы – купе. Жаңа бағыт жоспарына сәйкес, желтоқсан айынан бастап пойыздың жүру уақыты 2,5 сағатқа қысқарады. Жалпы компания паркінде 2100-ден астам вагон бар. Оның ішінде 250-ге жуығы соңғы екі жылда сатып алынды. Келесі жылы вагон паркін жаңа 62 «Тальго» вагонымен толықтырамыз деп жоспарлап отырмыз.

2029 жылға дейін 500-ге жуық жаңа вагон сатып алынады. Бұл вагон паркінің 3/2 бөлігі жаңарады деген сөз. Кейбірінде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін арнайы орындар мен көтергіш құрылғылар болады. Сондай-ақ келер жылдан бастап жолаушылар пойызының кешігуі жайлы ақпарат компания сайтында жарияланып отырады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев