16:00Эфирде: Телесериал «Клад могилы Чингисхана»
17:45Әрі қарай: «На крючке» кино
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Шарын шатқалында туристер үшін қауіпсіздік үңгірлері салынуда

  • Категория: Қоғам
Шарын шатқалында туристер үшін қауіпсіздік үңгірлері салынуда

Шарын шатқалында түрлі төтенше жағдай кезінде туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін үңгір орнатылып жатыр. «Себебі оған қажеттілік бар», - дейді мамандар.

Әзірге қауіпсіздік үңгіршелері үш жерден қойылған. Қажеттілік туындап жатса, кейін тағы көбейтіледі. Естеріңізде болса, биыл 29 мамырда селдің кесірінен екі адам қаза тапқан болатын. Бір бүлдіршін ертесіне табылған еді. Ұлттық паркте экологиялық туризмді дамытудың 2022 – 2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы жасалыпты. Алдағы бірнеше жылда Шарынды дамытуға инвесторлар 3 миллиард теңге салуды жоспарлап отыр. Парктің ұсынысымен, инвесторлардың қолдауымен инфрақұрылым мәселесі шешіледі.  

Құтылықжан Жүнісов, Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бөлім басшысы:

 - Тұжырымдамада инфрақұрылымды дамыту мәселесі көрсетілген. Ол жерде глемпинг, сапар орталығы, қонақүй, кемпинг, мейрамхана сияқты туристердің демалуына жағдай жасайтын инфрақұрылымдар салынады.

Шарынды тамашалаушылардың саны жылдан-жылға артып келеді. 10 жыл бұрын мұнда жылына 1300 адам келген болса, биыл тоғыз айда саяхатшылардың саны 33 мыңнан асыпты. Нәтижесінде, аумақтың туристік әлеуеті де едәуір жақсарған. Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің негізгі бөлігін жануарлар әлемі құрайды. Мұнда сүтқоректілердің 34 түрі, бауырымен жорғалаушылар, қосмекенділер мен құстардың алуан түрі мекендейді. Олардың арасында Қызыл кітапқа енген қарақұйрық, Сібір тау ешкісі, сабаншы, сілеусін және Орталық Азия құндызы бар. Заңсыз аң аулаушылармен де күрес күшейеді.

Әрсен Нұрғалиев, Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бөлім басшысы:

- 2019 жылғы дерек бойынша, осы аумақта қарақұйрық жабайы жануарын атқаны үшін бір азамат ұсталып, айыппұл төлеген. Бір қарақұйрыққа сол кездегі АЕК-пен есептегенде 9 миллион 90 мың теңге айыппұл салынған.

Табиғи парк аумағында Шарын шатқалынан өзге тағы да үш туристік бағыт бар. Олар: Шарын ерен тоғайы, бейіттер мен қорғандар және Темірлік кіші шатқалы. Парк мамандарының айтуынша, Шарын бір жылда 200 мыңға жуық туристі қабылдауға қауқарлы екен.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов

Сондай-ақ...