Хабар телеарнасы

Ақтауда ең ірі суда құтқару станциясы ашылды

32 жастағы Ислам Байкулов – көптің алғысына бөленгеннің бірі. Шомылу маусымында 10 адамды құтқарған. Мұнысын қызмет емес, парызы санайды. Негізгі мамандығы – заңгер. Бірақ құтқарушы болуды армандапты. Хабарландыру бойынша келіп, арнайы оқудан өткен. Бір жылдан астам қызметінде түрлі қиындықты басынан өткеріпті.

Ислам Байкулов, құтқарушы:

- Судың астында адам іздеу қиын. Ол тастың астында тұрып қалады не толқынмен кетіп қалады. Бір орында тұрмайды. Судың астында 2 сағат жүреміз, 1 сағат демалып, қайтадан түсеміз. Тапқанша тоқтамаймыз.

Бекетте Исламнан бөлек жеті сүңгуір-құтқарушы қызмет етеді. Әрқайсына жүктелген жауапкершіліктің салмағы ауыр. Сондықтан болса керек, жаттығуларын тоқтатқан емес. Таңертең сағат 09:00-ден бастап түске дейін тереңдігі 6 метр қауызда дайындалады.

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

- «Жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық» демекші, қызығы мен шыжығы мол мамандық иелерінің күнделікті жаттығуын жасап көрейік. Құтқарушылар 30 келі тартатын жүкпен су астына сүңгиді. Мұндағы қысым адамды қимылдатпай, тез шаршатады. Яғни физикалық түрде мықты дайындық керек. Бұл – тек қауыздағы жағдай. «Теңізде бұдан да қиын», - дейді мамандар.

Биыл құтқарушылар Каспийде 30 адамды аман алып шыққан. Жаздыгүні демалушылардың көптігінен мамандарға қиын соғады. Яғни кадр тапшы. Мәселен, станцияда 46 адам қызмет етсе, әлі оншақты маман керек.

Назар Ізтілеуов, Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағының бастығы:

- Жалақы аз, жастар қызықпайды. Орта есеппен еліміздегі құтқарушылардың жалақысы 170 мың теңгедей болса, біздің өңірдегі мамандар 80 мыңдай алады. Бұл күнделікті тіршілігіне жетпейді. Айлық аз болғасын, көбі басқа қызметке ауысып кетеді. Жаздың кезінде шақыртуға барып үлгермейміз.

Жасақ басшылығы жалақы мәселесін шешу үшін бастама көтеруді көздеп отыр. Сондай-ақ өзге өңірлерден келетін құтқарушыларды баспанамен қамту мәселесі де қаперде екенін айтты.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев