Хабар телеарнасы

Шымкенттегі мектеп стадионын медорталыққа беру заңсыз деп танылды

Әйтпегенде жер жекенің меншігіне өтіп, халық қақпадан әрі аса алмай, спортпен шұғылданатын орын таппай қалар еді. Кәсіпкер құрылыс жұмыстары қызған аумақты нормативтік-құқықтық актілерді айналып өтіп жүзеге асырмақ болған.

Қазіргі таңда салауатты ұрпақ саулығына арналған алаң сүріліп, аумағы түгел қоршалған. Кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бір ай бұрын бастап, қара жерді қазып тастаған. Орнына заманауи аурухана салуды көздеген. Алайда бұл жұмыстар қазір тоқтап тұр. 

20 мыңнан астам тұрғыны бар қызылжарлық ағайынның жанайғайы бұған дейін де арнамыздан айтылды. Араша сұрап, қақпаған есігіміз қалмады деген халықтың өтінішіне мардымды жауап болмаған. «Бос сөз бен құрғақ уәде шаршатты», - деп ашынады.

Кеңес Жақиябеков, Қызылжар тұрғын үй алабының тұрғыны:

- Істеп жатқандардан сұрасаң, ұшына жетпейсің. Білгенін істеп жатыр. Бізге өте ауыр тиюде. Заңсыз екенін көріп-біліп жатырмыз. Олар белден басып, тайраңдап жүр. Ал енді халық үшін стадионды қалдырамыз деп заңды түрде әрекет қылып жатқан халықтың үніне ешкім құлақ аспайды.

Мектеп стадионының медициналық орталыққа берілуін мамандар заңсыз деп отыр. Жіті зерелеудің арқасында бұл алаң спорттық бағытта қолданылуға тиіс.

Мұрат Теміржанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы:

- Әкімдік олқылықты өз тарапынан жойған жоқ. Не үшін жоймағаны да белгілі. Себебі азаматтық-құқықтық мәміле жасалды. Сондықтан комитет қолданыстағы ережеге сәйкес сот органына талап-арыз берді. Жер учаскесі мемлекеттік меншікке қайтарылуға тиіс немесе бастапқы жағдайға келтіріледі.

Бұған дейін жергілікті билік өкілдері қызылжарлық ағайынға жаңа емхана қажет екенін хабарлаған еді. Алайда заманауи алып медициналық орталық тұрғызуға бұдан өзге орын таппаған. Ал бұл жолы жауап беруден бас тартты.

Тоқтағұл Қалматов, Қызылжар тұрғын үй алабының тұрғыны:

- Қазақстанның жері кем бе?! Басқа жерге барып салмай ма?! Бұл жерде балаларымыз ойнайды. Оларды анау жаққа кім апарады?! Басқа жер бердік. Оны тексеретін адамның өзі жоқ. Бұлардың қылып жатқаны – заңсыз іс.

Жерді пайдалану және қорғау жөніндегі Бас мемлекеттік инспектордың мәліметінше, кәсіпкер медициналық орталықтың құрылысын әрі қарай жалғастыра алмайды. Жақын арада сот жерді қайтадан мемлекет балансына қайтаруға тиіс.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов