Хабар телеарнасы

Ақтөбедегі Төтенше жағдайлар департаменті әмбебап құтқарушыларды дайындайды

Мәселен, өрт сөндірушілер суға батып бара жатқан жанды құтқару әдісін бес саусағындай білсе, керісінше сүңгуірлер қызыл жалынға қарсы тұруды меңгеруі шарт. Бұл – жеке құрамның дер кезінде әрекет етіп, адам шығынының алдын алуға жасалған нәтижелі қадамның бірі.

Шоқан Шәуеновты әмбебап жауынгердің бірі деп айтуға болады. Себебі осыдан он жыл бұрын құтқарушылық қызметке келген жігіт осы уақыт аралығында департаменттің негізгі саласының барлығында еңбек етіп үлгерген. Жедел топ құрамында судағы құтқару операцияларына қатысқан. Ал жалын шықса, өрт сөндірушілердің қасынан табылған. Жоғалған жанды іздейтін иісшіл иттердің әрекетін түсіну үшін кинологиялық қызметті де игеріпті.

Шоқан Шауенов, құтқарушы:

- Адамның өзіне жақын, сүйіп істейтін, жасаған жұмысынан ләззәт алатын  жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Маған осы құтқару саласына қызмет жасап, халыққа шамалы болса да көмегім тигені қуаттандырады.

Күндіз-түні дамыл таппайтын құтқарушылар жыл басынан мыңға жуық адамды қауіпсіз жерге жеткізсе, 300-ден астам жанды ажал аузынан алып қалған. Күніне орталық пультке шамамен 50-ге жуық қоңырау түседі. Дәрменсіз жағдайға тап болғандарға жедел жету үшін 172 арнайы техника қалтқысыз қызметте.

Марғұлан Аманбаев, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

- Жылдың аяғына дейін 60 метрлік бір өрт сөндіру сатысымен бірге 23 жаңа техника алайып деп жатырмыз. Өткен айда 2 техникаға арналған өрт сөндіру депосы аяқталып, қазір іске қосылды. Сондай өрт сөндіру деполары Ембі қаласында жылдың аяғына дейін бітеді. Екі техникаға арналған осы 3 өрт сөндіру депосы Ақтөбе қаласында жылдың аяғына дейін аяқталады.

Ақтөбе гарнизонында қазір мыңнан астам жауынгер қызмет атқаруда. Олардың арасында «Халық қаһарманы» мен «Батыл жүрек» номинациясының иегерлері де бар. Құтқарушылар күніне орай өткен салтанатты шарада еңбегі еленген тағы 26 қызметкер түрлі марапаттарға ие болды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Болат Молдағалиев