Хабар телеарнасы

Елордалықтар үйлеріне газ тартуға асығар емес

Бірақ солардың небәрі 800-дейі ғана үйіне газ кіргізген. Бірі бағасын қымбат десе, енді бірінің үй жағдайы газға арналмаған. Мысалы, «Көктал» тұрғын алабындағы екіқабатты үйлердің коммуникациялық жүйесі көгілдір отын тартуды мүлде көтермейді. Тұрғындар: «Құлаудың алдында тұрған үйге қыруар қаржыға газ кіргізу қисынсыз», – дейді.

Жаңыл Қарабай осы үйде 22 жылдан бері тұрып келеді. Осынша өмірі көмір жағып, күл тасумен өтті. «Газ кіреді» дегенде қуанған, бірақ оны тартуға 10 зейнетақысын қосса да, жетпейді екен. Амал жоқ, алтынын түгел ломбардқа өткізіп, құбырды үйіне дейін кіргізді. Сөйтсе, пәтердің жобасы газ тартуды көтермейтін болып шықты.

Жаңыл Қарабай, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Қазандықты мына жерге қою керек. «Есік болса, алып тастаңыздар», – деді. Есік менде жоқ. Сосын хабарласып: «Сіздерге 2 қабатқа қоюға болмайды екен», – деді. Сосын бәрі шулады. Ас бөлмесі кішкентай, өрт шығуы мүмкін. Газ ыңғайсыз жерде орналасқан. Оттық бөлек болуы керек. Менікін мына жерге қояйын деп отыр ғой.

Газ тартудың барысымен танысқалы барғанбыз. Сөйтсек, бұл үйдің проблемасы бастан асып жығылады екен. 54 жыл бұрын салынған нысанның жертөлесі сасық суға толып тұр. Шатыры қырық құрау. Орталық жылу жүйесінен ажыратылғанына 30 жылға таяпты. Пәтерлердің бәрі сыртқа мұржа шығарып, кәдімгі темір пешке от жағып отыр.

Абылайхан Керімбаев, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Мына үй бұзылуы керек. Бұл жерде ешқандай жағдай жасалмаған. Пәтер иелерінің кооперативі жоқ. Мынаның бәрін өзіміз істейміз. Экологтар келіп айтады: «Сіздер газ кіргізіңіздер, бұлай болмайды». Газ кіргізуге біреудің жағдайы бар, біреудікі жоқ.

Жобаны өлшеп-сызуға 30 мыңдай, монтаждау жұмысына 225 мың, ыстық су қосуға 130 мың теңге керек. Бұдан бөлек, желдеткіш орнату, арнайы мұржа қою да ақша. Пештің орташа құны 300 мыңнан асады. Ұзын-ырғасы газ кіргізудің құны 800 мың теңгеден кем болмай тұр. Десе де әкімдік: «Зейнеткерлер мен көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға бірнеше жеңілдік қарастырдық», – дейді.

Мақсат Есмағұлов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы:

- Әрбір тұрғынға тегін құрылғы беріледі. Оның құны 70-90 мың теңге аралығында тұрады. Әлеуметтік қорғау басқармасы атынан қосылуға 270 мың теңге көлемінде бір реттік көмек көрсетіледі. «Қазақстанның Халық банкі» АҚ пен EcoJer қауымдастығы арасында меморандумға қол қойылды. Ешқандай пайызсыз, жарнасыз 750 мың теңгеге көлемінде 1 жарым жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігі беріледі.

Ал Қайыңды көшесінің бойындағы екіқабатты үйлердің мәселесі әлі де басы ашық күйінде қалып отыр.

Мақсат Есмағұлов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы:

- Бұл үй аудандық әкімдіктің ақпаратына сәйкес ресми апатты үй болып есептелмеген. Арнайы комиссия техникалық тексеру өткізген болатын. Сол себепті газға қосылу мүмкіндігін беріп отырмыз.

Жертөледегі сасық су мен тесік шатырдан тамшылаған жауынға әкімдік бас ауыртпайтын сыңайлы. «Газ тартып бердік, мәселе шешілді» деп отыр. Ал ескіні жамап, есі шығып жүрген тұрғындар: «Үй сүрілсін», – дейді бірауыздан.

Авторлары: Шынар Асанқызы Диас Қобланбеков