Хабар телеарнасы

Елорданың бойтұмары саналатын «Бәйтерек» монументіне 19 жыл толды

Солардың бірегейі – «Бәйтерек» монументі. Арқаның төсіндегі мұнараның ашылғанына да 19 жыл толды. Тәуелсіз Қазақстанның асқақ символы бүгінде әлем елдеріне танылды. Тіпті брэндке айналды. Елордаға келген әр адам «Бәйтеректі» көрмей кетпейді.

Сексеннің сеңгіріндегі Тожиддин Іскендіров үшін бүгін ерекше күн. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ең үлкен арманы орындалып отыр. Елордадағы «Бәйтеректі» көруді сан жыл армандаған. Биыл сәті түсіп, зайыбымен арнайы келді.

Анажон Іскендірова, турист:

- Жарым екеуіміз Қазақстанға қоныс аударуды армандаймыз. Сәті түспей жүр. Бірақ биыл Елорданы көру бұйырған екен. Немереміз оқуға түсіп, осында шақырды. Қуана келдік. «Бәйтеректі» бұрын теледидардан көріп, тамсанатынбыз. Керемет ұнады. Мұнара – Қазақстанның мақтанышы ғой.

Иә, Бәйтерек – елорданың бойтұмары, сол жағалауда бой көтерген алғашқы нысан. Мұнараны салу – Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы. Жапон, ресей, қазақ сәулетшілері қиялға қанат бітіріп, жобасын сызды. Қазақстандық компания оны 18 айда салды. Конструкциясына арқаның алты ай ақ боранына былқ етпейтін болат қолданылған. «Бәйтерек»­ – мұнара ғана емес, терең мағыналы нысан. Ежелгі аңыз бойынша самұрық құстың мәуелі ұясын бейнелейді. Мықтылық пен бүтіндіктің бейнесі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Біздің еліміз жас мемлекет, сол жас мемлекеттің бәйтеректей биік болып өсіп, тамыры терең болсын деген мағынада жасалып отыр. Сол жағалаудағы есілдің жаңа қаласы басталды деген сөз.

«Бәйтерек» бүгінде елімізді бейнелейтін брендтердің біріне айналған. Құрылымына келсек, биіктігі – 97 метр, 19 қабатты үйдің биіктігімен бірдей. 3 бөліктен тұрады. Төменгі бөлігі – теректің тамыр жаюы іспетті, жер бетінен 4,5 метр тереңде орналасқан. Мұнда түрлі кәдесый, ақпараттық орталық, билет алатын орын бар. Ортаңғы  бөлігінің биіктігі – 90 метр. Жеделсатымен 1 минутта көтеріле аласыз. Ал жоғары қабаты – алып шар. Диаметрі – 22 метр. Салмағы – 300 тонна екен. Бір қызығы, алақандай шарға 120 піл сиятын көрінеді.

Жандарбек Мәлібекұлы, сәулетші:

- Дүниежүзілік архитектурадан қараған кезде өзінің пропорция жағынан, кеңістікті ұстап тұруы жағынан, «Бәйтерек» өз орнын тауып тұр. Астанада дәл сондай ұлттық архитектураны бейнелейтін ғимарат көрінбейді. Ұлттық архитектурадағы тектілігін білдіріп тұр, мағынасын білдіріп тұр, Астананың өсіп-өркендеуіне жол сілтеп тұрған сияқты.

«Бәйтеректің» басындағы «аялы алақанға» асықпайтын жан кем де кем. Онда алтынмен апталып, күміспен күптелген Тұңғыш Президенттің қолтаңбасы және дінбасылардың «Бата» композициясы бар. Ал көрініс залынан бүкіл елорда алақандағыдай көрінеді.

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

- Арқаның төсіндегі елорда тұрғындары жазда теңізді аңсағанда ерке Есілдің бойында шағын кемемен серуендейді. Әй, шайқалып жатыр. Ал қыста кемедегідей әсерде болғыңыз келсе, «Бәйтерекке» келіңіз. Бір қызығы, қатты жел болғанда бұл шар осылай аздап шайқалады. Мамандардың айтуынша, бұл қауіпті емес.

Индира Іздібаева, гид-экскурсовод:

- Қаңтар, ақпан айында қатты жел болады. Сол кезде шайқалып тұрады, арнайы солай жасалған. Ескертеміз, «қан қысымдарыңыз көтеріліп кетуі мүмкін» деп белгі береміз. Ыңғайына қарай түсіріп, ғимаратты жабамыз. Халықты қобалжытып болған емес. Есептейтін арнайы құрылғы бар.

Бүгінде монументті тамашалауға ел ішінен бөлек, шет елдерден турист көп келеді. Мұнара ашылғалы 10 миллионға жуық адам бас сұққан. Олардың арасында әлем жұлдыздары мен 100-ден астам елдің басшысы бар.

Индира Іздібаева, гид-экскурсовод:

- 2010 жылы Македония Президенті Георгий Иванов осында қонақ болып келген болатын. Белгілі бір берілген 40 минуттан астам уақыттан аса өтіп кетіп, шәй ішіп, Қазақстаннан тарихын сұрап, тамсанғаны соншалық, кеткісі келмей 1 сағат отырған болатын.

Tомас Лайнка, турист:

- Осыған дейін әлемнің бірнеше елін араладым, Қазақстанға алғаш келуім. Қаладағы ғимараттардың өзіндік стилі ұнады. «Бәйтерек» туралы ғаламтордан көрдім, өте ұнады, ерекше. 

Бүгінде «Бәйтерек» монументінің сувенирлік өнімдері қала қонақтарының сұранысына ие. Тіпті киімдерге де бедерленеді.

«Бәйтерек» әлемнің 90 кереметінің ішінде 4 орынға шықты. Демек самұрық құсша қанатын қомдап, төрткүл дүниенің көгіне самғап барады.

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

- Әлемнің жеті кереметінің бірі – Париждегі Эйфель мұнарасының тұрғанына 132 жылдан асты, ал Мысырдағы Пирамидалар 4500 жылдан бері талайды тамсандыруда. Ал тәуелсіз Қазақстанның сәулеттік символы – «Бәйтерек» мамандардың айтуынша, кем дегенде 500 жыл тұрады. Демек әлі талай жас ұрпақты тамсандыратыны сөзсіз.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Алибек Алиев, Болотбек Табалдиев, Айдынбек Нұрғалиев