Хабар телеарнасы

Қазақстанда тұңғыш өндірілген жылжымалы модульді қондырғы таныстырылды

Солтүстік Каспий жобасының операторы ­– North Caspian Operating Company N.V. тапсырысымен әзірленген 3 жылжымалы модуль салтанатты түрде қолданысқа берілді. Қашаған теңіз кен орнына жіберілетін кешендерді Қазақстан «Каспиан Оффшор Индастриз» ЖШС ұжымы құрастырған. Жылжымалы кешендер Түпқараған ауданында КСОІ компаниясының өндірістік алаңында құрастырылды. 2 бөлімнен тұратын бір модульдің салмағы – 281 тонна. Кіреберісте герметикалы камерасы бар бөлігіне 100 адам сыяды. Басқару жүйесі орнатылған екіншісі төтенше жағдай кезінде таза ауамен қамтамасыз етеді.

Мирко Боргези, КСОІ компаниясының атқарушы директоры:

- Алғашқы 3 модуль 18 айда құрастырылды. Бұл жобаға біліктілігі халықаралық талаптарға сай қазақстандық мамандар жұмылдырылды. Жалпы ұжымның 95% – осы елдің азаматтары. Компания теңізде және құрлықта өндірістік нысан салу бойынша қызмет көрсетеді. Енді Солтүстік Каспий жобасына осындай жұмыстарды орындап жатырмыз.

Отандық «CT-KZ» сертификаты берілген модульді кешендерді North Caspian Operating Company N.V. өкілдері қабылдап алды. Қашаған теңіз кен орнын иегеріп жатқан компания мамандар қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғау шараларын басты назарда ұстап отыр.

Оливье Лазар, NCOC компаниясының басқарушы директоры:

- Қазақстанда Қашаған теңіз кен орнын игеру бағытында теңдессіз әрі күрделі жобаның жүзеге асып жатқаны мәлім. Бұл бағытта әлемдік талаптарға сай жоғары сапалы тауарлар мен қызмет түрлері қажет. КСОІ компаниясының қызметі біз қойған талаптарға сәйкес келеді. Пандемия жағдайында шектеулерге қарамастан жұмыстар өз мерзімінде аяқталды. Ынтымақтастық үшін алғыс білдіреміз.

NCOC солтүстік Каспий бойынша консорциум құрамындағы 7 серіктес компания атынан мұнай операцияларын жүзеге асырушы оператор қызметін атқарып келеді. Баутиндегі теңіз операцияларын қолдау базасы жылжымалы модульдер құрастырылған өндірістік алаңға жақын орналасқан.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев