Хабар телеарнасы

Каспий құбыр консорциумының құрылғанына 25 жыл толды

Қазақстанның экспортқа шығатын мұнайының үштен екі бөлігі дәл осы құбыр арқылы өтеді. 745 млн тонна. Бұл ­– Каспий Құбыр Консорциумы арқылы әлемдік нарыққа экспортталған қара алтын көлемі. 25 жылда бұл жоба қазақстандық мұнай тасымалдаудың тиімді және сенімді бағыты ретінде танылды. Еліміздегі қара алтынның 75% осы магистралдық мұнай құбыры арқылы өтеді.

Николай Горбань, «Каспий құбыр консорциумы» АҚ бас директоры:

- Біздегі мұнай құбырының ұзындығы – 1 511 шақырым. Ол Батыс Қазақстандағы мұнай кен орындары мен Новороссийск маңындағы Теңіз терминалын бір-біріне жалғап жатыр. Осы күнге дейін тиелген танкерлер саны жеті мыңдық көрсеткіштен асты.

Былтыр Қазақстаннан 68,5 млн тонна мұнай сыртқы нарыққа шықса, оның 51,8 млн тоннасы Теңіз-Новороссийск мұнай құбыры арқылы тасымалданған. Компания жылына 67 млн тонна қара алтынды экспорттауға қауқарлы. Болашақта бұл көрсеткішті арттыру көзделген.

Николай Горбань, «Каспий құбыр консорциумы» АҚ бас директоры:

- 2023 жылға қарай кемінде 72,3 млн тонна экспорттау үшін биыл алдымызға үлкен міндеттер қойып отырмыз. Компания құбырдың тар жерлерін жою бағдарламасын іске асыру бойынша жұмыстарды бастады. Сәтті өтсе, ресейлік рестурстарды қоса алғанда 83 млн тонна мұнай тасымалдай аламыз.

Мұнай тасымалдаушы кәсіпорын әлеуметтік жауапкершілікке үлкен мән береді. Мәселен, Атырау облысының дамуына жыл сайын 3 млн АҚШ долларын құяды. Бұл ең алдымен экология, білім беру және медицина салаларының алға жылжуына септігін тигізіп отыр.

Авторлары: Дана Әлиева, Нұрлан Малгельдинов