Хабар телеарнасы

«Петропавл – Қорған» тасжолының құрылысы тоқтап тұр

Қайта жаңғырту жұмыстары қашан басталары белгісіз. Осылайша, 2017 жылы қолға алынған жобаның 16 шақырымы жөнделмей, аяқсыз қалуы да мүмкін.

Самат Қайырденұлы, тілші:

 - Мемлекетімізге Еуропадан келетін қонақтар дәл осы жолмен жүреді. Еліміздің солтүстік қақпасы атанған өңірде жолдың сапасы сын көтермейді. Мәселен, мына учаскеде жөндеу жұмыстары жүріп жатқанына бақандай бес жылға жуықтаған.

Абай Құсайыновтың көлік тізгіндеп, Қазақстан мен Ресей арасында тауар тасымалдап жүргеніне 30 жылдан астам уақыт болған. Жүргізуші жолдың жайын жақсы біледі. «Сапасы нашар болғандықтан, уақыт жолғалтамыз әрі көлігіміз де тез тозады», - дейді ол.

Абай Құсайынов, жүргізуші:

 - 10 шақырым жерге 1-1,5 сағатта әзер дегенде жетеміз. Үш айдың ішінде ешқандай өзгеріс жоқ. Қыс келді ғой.

Вячеслав Баранов, жүргізуші:

 - Басқа мемлекеттерден келген жүргізушілер мына шұрық-тесіктермен жүріп көліктерін сындырып жатады. Айналдырған 15-20 шақырымдық жолды жөндей алмай жүргендеріне бірнеше жыл болды. Тезірек қалыпқа келтірсе дейміз.

Бұл – республикалық маңыздағы тасжол. Облыс орталығынан Ресей шекарасына дейінгі аралық небәрі 60 шақырым. Оны қайта жаңғыртуға ел қазынасынан 30 млрд-қа жуық теңге бөлінген. 16 шақырымы аяқсыз қалды. Биыл аталған учаскеде ешқандай жұмыс жүргізілмеген. Жол құрылысына жұмылдырылған барлық техника тоқтап тұр.

Қанат Өсербаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

 - Жолға жауапты мердігер – «К-Дорстрой» компаниясы. Биыл олар сметалық құжатқа түзетулер енгізуді сұрап, бізді сотқа берді. Айтуларынша, құрылыс материалдары қымбаттаған. Енді тек соттың шешімін күтеміз.

Әзір сот процесі қашан аяқталатыны белгісіз. Сондықтан жүргізушілер үшін тақтайдай тегіс жол арман болып қала бермек.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев