Хабар телеарнасы

СҚО-да материалдардың қымбатшылығынан бірнеше құрылыс нысанында жұмыс тоқтады

Себебі жауапты мердігерлер қымбатшылықтың салдарынан шығынға батқан.

Серік Мұхамедиев, облыстық Құрылыс басқармасының басшысы:

- Олар кестеден сәл кешігіп келеді. Біз сапаны талап етеміз. Құрылысты дұрыс жүргізсін деп, кем-кетігін жөндесін деп біз кейде жұмысты баяулатамыз. Келесі жылы тамыз айына дейін бұл нысанды пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.

Жоспар тағы жүзеге аспады. 250 адамға арналған Денсаулық сақтау мемекемесінің қазіргі сыйқы мынау. Әлі қабырғалары да қаланбаған. Жоба құны – 1,8 миллиард теңге.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- «Береке» ықшам ауданындағы емхананың қазығы былтыр мамыр айында қағылды. Ол өткен жылдың желтоқсанында пайдалануға берілуі тиіс еді. Бір жарым жылға жуық уақыт өтті. Әзір нысанның бірінші қабаты ғана көтерілген. Оның өзінде толық емес. Құрылыс баяу жүріп жатыр.

Түсірілім кезінде учаскеде санаулы адамның еңбек етіп жүргінін байқадық. Мердігердің айтуынша, жұмыс жүрмегендіктен, бірнеше маман қысқартылған. Бірақ қайта жанданса, 300-ге жуық қызметкер құрылысқа тартылады. 

Әлімжан Исмаилов, мердігер компания басшысының орынбасары:

- Бүгінде жобалық-сметалық құжатты қайта қарастырып, оған түзетулер енгізілгелі жатыр. Сараптама тағайындады. Себебі ол осыдан үш жыл бұрын дайындалған болатын. Ал құрылыс материалдарына баға қазір басқа.  Сондықтан осындай проблема туындап отыр. Енді бәрі жақсы болса, біз бұл емхананы келер жылдың көктемінде тапсырамыз деп отырмыз. 

Иә, мамандар мұны қымбатшылықпен байланыстыруда. Әсіресе мемлекеттік тапсырысты орындап жатқан компаниялар қазір әбден тығырыққа тірелген. 

Майгүл Қажжан, облыстық Құрылыс басқармасының баспасөз хатшысы:

- 2018-2020 жылдары әзірленген жобаларға мердігер компаниялар өзгерту енгізуге, түзету жасауды сұрағандықтан, әкімдік сол жобаларға қайтадан түзету енгізуде. Жалпы бұл жұмыстар 1-1,5 айдың ішінде аяқталуы тиіс. 

Аудандарда бірнеше спорт кешендерінің құрылысы созылып кетті.  Ал Петропавлда емханалар мен жатақхана сынды әлеуметтік нысандар кестеден кешеуілдеп жатыр. Кейбірінде жұмыстар тоқтаған. Ал театр тіпті сақалды құрылысқа айналды.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Мәдениет ошағы 2018 жылдан бастап салынып жатыр. Дегенмен әлі күнге дейін пайдалануға берілген жоқ. Бір қызығы, құрылысы сағызша созылған нысанның аумағы қазір абаттандырылып жатыр.  

Қазіргі таңда облыста барлығы  80-нен астам нысанның  құрылысы жүріп жатыр. Оның 73-і – көпқабатты тұрғын үй. Ал 25 жобаның сметалық-құжаттары қазір қайта түзетілмек. Себебі әкімдіктегілердің сөзінше, соңғы бірнеше айда құрылыс материалдары өңірде орта есеппен 10% қымбаттаған.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов