Хабар телеарнасы

Қызылордадағы көпқабатты үйдің жертөлесін су басты

Шұғыла ықшам ауданындағы №39 үй тұрғындарының айтуынша, коммуналдық мәселелер 6 жыл бұрын жүргізілген жаңғырту жұмыстарынан кейін басталған. Содан бері 50-ге жуық пәтер иесі жөндеу жұмыстарының сапасыз жүргізілгенін және үйді қабылдап алу жөніндегі құжаттарға қойылған қолдың жалған екенін дәлелдей алмай келеді.

Райымбек Шоқатаевтың қызы бір ай бұрын Шұғыла мөлтек ауданындағы №39 үйдің бірінші қабатынан пәтер сатып алыпты. Алайда қуанышы ұзаққа бармады. Еден астынан қандала секілді зиянды жәндіктер шығып, үй ішінде жағымсыз иіс пайда болған.

Райымбек Шоқатаев, қала тұрғыны:

- Сасық иісінен адам отыруға жарамайды. Бәрін ашып, біз бетон құйып, кеше бәрін істеп қойдық. Мына ашық тұрғында иісі білінбейді. Қалай терезені жабасың, солай мүмкіншілік жоқ отыруға. Ана балалар бөлмесінде де иіс бар.

Жылу маусымы жақындап қалды, ал жертөле лас суға толып тұр. Соның салдарынан құбырларды жамап-жасқау, жаңалау мүмкін емес. Бұл мәселе 2015 жылы көпқабатты үйді жөндеуден өткізгеннен кейін туындаған. Сапасыз жөндеу жұмыстарын қабылдауға тұрғындар қарсы да болыпты. «Бірақ тиісті құжаттарға жалған қол қойылып кеткен», – дейді тұрғындар.

Ерік Байгереев, қала тұрғыны:

- Сот 2018жылы болған. Бірінші сотта менің келіншегім Нұрсұлу Шүкенова деп олар оны сотқа берген. Кейін оның қойған қолы жалған екенін дәлелдедік. 2020 жылы соттың шешіміне қарамай, менің атымнан, сыртымыздан шешім шығарып, шотымды арестке қойып, солай шығарып жіберген.

Ал әкімдік өкілі үй тұрғындарының 70% жөндеу жұмыстарына келісім бергенін, ешқандай заңсыздық болмағанын кесіп айтты.

Абзал Рысбек, қалалық Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

- Екі жыл мерзімге кепілдік болған. Бұл кепілдік негізінде тұрғындардың басқа да арыз-шағымдары болса, оны қайта қалпына келтіру жұмыстары істелінді. Ал одан кейінгі әрі қарай ұстап тұру қызметін тұрғындар «Қызылорда тазалығы» мекемесімен бірлесе жұмыс жасауы қажет.  Сапарғали Әсілбеков, Коммуналдық мекеме директорының орынбасары:

- Инженерлік жүйелердің бұзылуына байланысты астында сасық су тартылып, қалыпты жағдайда тұрғанын көріп тұрмыз. Тұрғындар өздері қаражат жинап берген жағдайда біз «Қызылорда тазалығы» ЖШС тегін жұмысын жасап береміз.

Бұл көпқабатты үйді жаңғыртуға кезінде 20 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Оны тұрғындар 7 жыл көлемінде 1 проценттік үстемемен қайтарулары керек болған. Келесі жылы осы мерзім аяқталады. Бүгінде сол қаржының тек жартысы ғана жиналды,-дейді мамандар. Ал тұрғындардың жөнделді деген аты ғана болмаса, көп ұзамай бәз-баяғы қалпына келген үй үшін қаржы төлеуге келіскісі жоқ. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев