Хабар телеарнасы

КИБЕРБУЛЛИНГ: оқушылардың 12% арандатушылық пен әлімжеттіктен жапа шегеді

Оқушылардың 12% арандатушылық пен әлімжеттіктен жапа шегеді. Мәжіліс депутаттары балалар құқығын қорғауға қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Енді шетелдік әлеуметтік желі платформасы міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өтіп, өкілдігін ашуы тиіс. Филиалға Қазақстан азаматы жетекшілік етуі керек.

Қазір кибершабуыл көп. Яғни ғаламторда баланы кемсітіп, намысын жер қылу. Балалар құқына қатысты құжатты қараған Мәжіліс депутаттары Үкіметке нақты нормалар ұсынды.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 - Зардап шеккен балалар ызақор болады, қылмыс жасап, өзіне қол салуға да баруы мүмкін. Депутаттар арандатушылық және буллинг ұғымдарын заңды тұрғыда бекітуді ұсынды. Ал білім министрлігі мектептерде оның алдын алу ережелерін әзірлеуі тиіс. Осы норма қалай жүзеге асырылады?

Бибігүл Асылова, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:

 - Білім министрлігі ережелерді әзірлеу бойынша жұмыс тобын құрды. Қазір қоғаммен, депутаттық корпуспен бірге талқылаймыз. Кәмелетке толмаған балалардың істері бойынша комиссия өкілдері, ата-аналар, мұғалімдермен ақылдасып, бір ұйғарымға келеміз.

Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, елімізде биыл 140 мың кибершабуыл тіркеліп, мессенджерлер мен әлеуметтік желі әкімшілігіне 1700 арыз жіберілген.

Кемелбек Ойшыбаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары:

 - Интернет ресурстар есебінің бірыңғай реестрі құрылды. Оған қазірдің өзінде заңға қайшы келетін 45 мың сілтеме жолданған. Қазір олардың әрқайсысымен жұмыс жасалуда. Сайттардың басшылығына өтініш, ескертпелер жіберіледі. Буллингтің алдын алу бағытында көркем фильмдер, роликтер жасалды.

Интернетті уыста ұстап, күмәнді сайтты бірден бұғаттау мүмкін емес. Бірақ балаларды бөтеннің қорлығына сақтау шараларын қолға алатын кез келді. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бұл мәселені жүйелі шешу маңызды міндет дей келе, екінші оқылымда нақты қорғау шараларын әзірлеуді ұсынды.

Индира Жылқайдарова, тілші:

 -«Синий кит», «Тихий дом» атты интернет ойындарының қаншама баланың өмірін қиғаны естеріңізде болар. Бұғанасы бекіп, буыны қатып үлгермеген балалар қысымға шыдамай кетеді. Былтыр 143 бала өзіне қол жұмсап, 300-ден астам жасөспірім суицид жасауға әрекеттенген.  Жан түршіктіреді. Бұл көрсеткіште киберббуллингтің де үлесі көп екенін мамандар растап отыр.

Мәжілісмендер балаларды қыспаққа алу фактілері үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізуді де ұсынды. Оны Бас прокуратура да, Ішкі істер министрлігі де қолдады.

Әсет Шындалиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

 - Біздің де балаларымыз бар. Бұл – бәрімізге ортақ мәселе. Жұмыс тобы аясында бұл сұрақты толық талқылап шешім қабылдаймыз.

Депутаттар жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жай-күйіне қатысты мәселені де көтерді. Олар тұл жетім балалар үйінде 6 жасқа дейін тәрбиеленуі тиіс деп санайды.

Лариса Павловец, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 - Қазіргі заң бойынша жетім балалар 3 жастан кейін асыраушы отбасының үйіне барады. Ал біз балалардың үйреншікті ортасында 6 жасқа дейін болғаны дұрыс. Білім министрлігі бұл ұсынысты не себепті қолдамай отыр?

Білім министрлігі денсаулығы нашар сәбилер ғана 6 жасқа дейін балалар үйінде қалсын деген норманы қабылдауды 5 жылға шегеруді сұраған. Депутаттар бұл Елбасының тапсырмасы екенін айтып, екінші оқылымға дейін пысықтауды талап етті. Соңғы 3 жылда елімізде жеті мың бала асырап алынған. Төрт мың ата-ана психологиялық әзірлік курсынан өткен.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Әлібек Әлиев