Хабар телеарнасы

Түркістан облысында шаруалар жеміс-жидек теруге кірісті

Биыл көктемгі аяздың салдарынан бау-бақшаның көп бөлігін үсік шалған еді. Қуаңшылық та шаруаларға едәуір қиындық туғызған. «Соған қарамастан Төле би ауданының диқандары елімізді дәруменсіз қалдырмаймыз» – дейді. Жаз бойы еліміздің солтүстігін қарақат, таңқурай, тау алмасымен қамтамасыз етіп келеді. 

140 гектарға жуық аумақты қамтитын қарқынды бауға үш жыл бұрын италиялық алма көшеттері отырғызылған. Биыл сол 265 мың түп жеміс ағашы өнім бере бастады. Қара жерге қондырылған Грении Смит, Айдаред, Алтын алма, Гала сынды сұрыптар кезең-кезеңімен теріліп, еліміздің солтүстік аймағына жөнелтілуде. Шаруалар: «Төккен теріміз текке кетпеді», – деп отыр.

Кенжеғали Әбдіқалықов, агроном:

- Бізде биыл естеріңізде болса керек, ақпанның аяғында қатты қар жауды. Көп жерде алма суық ұрып кетті. Бірақ бізде табиғаттың бір ерекшелігі болса керек деп ойлаймын. Өйткені «Қазығұрт» тауы киелі тау ғой. Негізінде қатты суық болатын болса, арасында от жағамыз.

Күніне 50-ге жуық ауыл тұрғындары осында еңбек етеді. Жиын-терім кезінде қосымша жұмыс күші жұмылдырылады. Қарқынды алма бауында тіреуіш бағаналары, күннен қорғайтын тор және тамшылатып суғару жүйесі жақсы жолға қойылған. Қажырлы еңбек пен жүйелі жұмыс өз жемісін беруде.

Бағдат Қайыпбеков, бригадир:

- Тауда жинаймыз. Сосын астында да бар. Артық суларды қысыммен жауынның, бұлақтың суларын бір жерге тоғандар жасап, арнайы артығымен жинап алғанбыз. Соның арқасында биылғы жылы қуаңшылықтан аман-есен шығып отырмыз. Барлығы сүзгіден өтіп, арнайы дәрумендер беріліп, бауға жіберіледі.

Сондай-ақ Төлеби ауданындағы екі ауылда қарақат, таңқурай, құлпынай өнімдері бар. Аса ерекше күтімді талап ететін шаруашылықтың бірі Қалима Жанқаловаға тиесілі. 5 гектар алқапқа Польшадан арнайы элиталық көшеттерді әкіліп отырғызған. Көпшіліктің үлкен сұранысына ие болған жидектердің биыл бойы аласа, өнімі өткен жылдағыдан аз болыпты. Оның бар себебі – көктемгі салқын мен жаздың аптап ыстығы.

Қалима Жанқалова, шаруа:

- Үлкен нарыққа шығып жатқан жоқпыз. Өзіміз осы аудан, облыстан бір адам алып, тіршілігімізді жасап жатырмыз. Жеміс-жидектердің сапасы жақсы, келгендер бір-бірінен естіп, Жетісай, Сарыағаш, Түркістаннан келіп, алып кетеді. Былтырға қарағанда биыл енді сәл аздау болып жатыр. 

Оңласын Бектай, Төле би аудандық Ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Биыл жалпы аудан бойынша 11 мың тонна өнім аламыз деп жобаладық. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10% құрады. Одан бөлек астық дақылы бізде 35 мың тонна жиналды. Мақсарыдан 9 мың тонна күтілуде. Көкөністен 31 мың тонна, картоптан 21 мың тонна жиналу көзделіп отыр.

Қазір шаруалар бір алқаптан бірнеше өнімді алу ісіне баса мән берген. «Сұранысты өтеп, жерді тиімді игерудің жалғыз жолы осы» – деді олар.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов