Хабар телеарнасы

Қызылордада облыстық ардагерлер ұйымының кезекті VII конференциясы өтті

«Достық» үйінде Қызылорда облыстық ардагерлер ұйымының кезекті VII конференциясы өтті. Басқосуда Президент Жолдауына қатысты орамды ойлар ортаға салынды. Ұйымның атқарған жұмысы мен алдағы жоспары сараланды. Ардагерлердің Республикалық VIII съезіне қатысатын делегаттар сайланды.

Еліміз тәуелсіздік алған жылдары жауапты қызметтерде болған ардагерлер қауымы Сыр елінің өсіп-өркендеуі жолында сүбелі үлес қосқаны сөзсіз. Олар зейнетке шыққаннан кейін де қоғам дамуына белсене араласып жүр. Түрлі тағылымды шараға ұйытқы болып, өзекті мәселелер бойынша орамды ойларын әрдайым ортаға салып отырады. Осы бағыттағы жүйелі жұмысқа одан әрі Президент Жолдауы арқау болмақ.

Серік Дүйсенбаев, Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында қоғамда әлеуметтік-масылдық үрдісі белең алғанын айтты. Мұндай жағымсыз өмір салты, ұрпақ тәрбиесі қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. «Сондықтан заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруі тиіс», - деді Президент.

Шараға қатысушылар ел игілігі жолындағы еңбегіне құрмет ретінде қоғам қайраткері, абыз ақсақал Сейілбек Шаухамановты бір минут үнсіздікпен еске алды. Мұнан соң ардагерлердің республикалық VIII съезіне қатысатын делегаттар сайланды. Сонымен қатар облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы таңдалды. Пленум мүшелері бір ауыздан Серік Дүйсенбаевтың кандидатурасын қолдады.

Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі:

- Облыстық ардагерлер кеңесі өңірде тыныштық пен тұрақтылықтың сақталуына, жас ұрпақты отбасылық, адамгершілік, рухани құндылықтарға тәрбиелеуде үлес қосып, қарт адамдардың әлеуметтік құқықтары мен міндеттерін қорғау, олардың лайықты әлеуметтік тұрмыс жағдайларын қамтамасыз етуде жұмыс істеуде.

Айта кетейік, өңірде 75 мыңға жуық ардагер – ұйымға мүше. Олар 728 бастауыш ардагерлер ұйымына біріккен. Жыл сайын ардагерлер арасында мәдени-спорттық шаралар өткізіліп, туристік бағыттағы танымдық экскурсиялар ұйымдастырылып тұрады.

Авторлар: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов