Хабар телеарнасы

Қайырымды жан ақтөбеліктерге көпір салып берді

Дін өкілдерінің ұйытқы болуымен соңғы екі жылда бірнешеуі салынған. Жергілікті биліктің өзі өткел құрылысын өзекті мәселе дейді. Алайда бұған дейін Қарғалы өзенінде жаяу жүргіншіге арналған бірде-бір көпір бюджет есебінен салынбаған.

Қалыптасқан дәстүрге сай салтанатты шара қызыл лента қиюдан басталды. Қайырымды жанның қалтасынан 5 миллион теңге жұмсалып тұрғызылған аспалы көпір жүргіншілер үшін ашық. Қарғалы ауданы маңындағы саяжай тұрғындары дән риза.

Гүлзира Қалымбет, саяжай тұрғыны:

- Мына көпірді бастағаннан бері ризашылығымызды білдіріп жатырмыз. Тіпті сөз жоқ енді. Бұл – нағыз тіршілік. Бірінші ауа болса, екінші мына көпір бізге тіршілік.

Тамара Мұхамбетьярова, саяжай тұрғыны:

- Кішкене су азайғасын, балаларымыз көпірді ағаштан салады. Салғаны құрсын, тас-талқанын шығарып, бәрін қиратып кетеді.

Расында да, тұрғындардың өздері жыл сайын қолдан өткел жасап келген. Ағаштан жапсарлай салған көпірдің көпке шыдамайтыны ақиқат. Бұл мәселеден қала басшылығы хабардар. Дегенмен бүгінге дейін өткел тұрғызуға әкімдік тарапынан әрекет жасалмаған. Ал игі істің бастамашысы болған жандар мұндай нысан құрылысын алдағы уақытта да жалғастыруға ниетті.

Серікжан Еншібайұлы, Ақтөбе облысының бас имамы:

- Өткен жылы Қарғалы өзеніндегі бір көпір пайдалануға берілді. Биыл екінші көпір қолданысқа беріліп отыр. Ауданда да былтыр шағын көпірлер пайдалануға берілді. Сондықтан бұл бастамасы деп айтсақ болады.

Қайырымдылық ретінде қаражат бөлген жергілікті азамат көпір қауіпсіздік талаптарына сай деп сендірді. Құрылысты мойнына жүктеген мердігер мекеменің де тиісті лицензиясы бар. Дегенмен қолданысқа берілген өткелдің ендігі жай-күйіне кімнің жауапты екені белгісіз. Себебі құжаттары коммуналдық мекемеге тапсырыла қоймаған.

Әміржан Оразғалиев, Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі:

- Бұл – демеушілікпен салынған көпір. Жобасы жасалған. Сол жоба бойынша әрі қарай жұмыстар жалғастырылады. ЖКХ-ның балансына беріле ма? Оны қазір анықтаймыз.

Көпір құрылысына түрткі болған дін саласы өкілдері суы тапшы ауыл-аймақта құдық қазуды жоспарлапты. Оған да жамағат пен қаржылай қолдау білдіруге ниетті жандарды жұмылдыруды көздейді. Ал әкімдік болса тұрғындарға қажет әлеуметтік және коммуналдық нысандар құрылысын жергілікті өзін-өзі басқару жобасының «халық қатысатын бюджет» аясында ғана шешу керек дегеннен аспай отыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков