Хабар телеарнасы

Жұмыс істемейтін субұрқақты әрлеу жұмысына 470 млн теңге бөлінген

Ол қаланың көрікті нысандарының біріне айналды. Әсіресе оны кешкісін тамашалауға кісі көп жиналатын. Түрлі- түсті шам субұрқаққа ерекше көрік беретін. Судың ырғағына орай музыка ойнайды. Осы себептен оны халық «Әнші субұрқақ» атап кеткен.

Бірақ 2017 жылы одан техникалық ақау шығып, субұрқақ тоқтатылған еді. Қалпына келтіру жұмыстары төрт жылға созылды. Ұзақ уақыт жұмыс істемеген соң, құбырлары шіріп, жарамсыз болып қалған. Электр желілері де тозған. Осынша ұзақ құрылыстан соң да, субұрқақ бұрынғы қалпына келтірілмеген. Кейін оны жөндеу «Жасыл экономика» басқармасына жүктелді. Тендер өткізіліп, қала бюджетінен 400 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Қоғам белсенділерінің айтуынша, субұрқаққа тек косметикалық жөндеу жасалған. Бояп, кей кафельдері ғана ауыстырылған. Бірақ гидротехникасы қалпына келтірілмеген. Құбырдың су атқылайтын саңылаулары бітеліп қалғандықтан, жұмыс істемейді. Осыны біле тұра, «Жасыл экономика» басқармасы нысанды мердігер компанияға бір ауыз сөз айтпай қабылдап алған. Енді нысанды қалыпқа келтірумен «Жасыл экономика» басқармасының жанындағы «Эко Алматы» серіктестігі айналыспақ.

Жанна Асанова, мердігер компанияның басшысы:

- Бізге субұрқақты, оның құрылғыларын сынақтан өткізіп көру үшін бірнеше күн уақыт керек. Бұл нысанның гидротехникалық құрылғылары өте күрделі. Сондықтан оны қарап тексеру үшін өшіріп тастаймыз. Онсыз болмайды.