Хабар телеарнасы

Қазақстанға америкалық Pfizer екпесін жеткізу келісімшартына әлі қол қойылған жоқ

Оның айтуынша, вакцинаны елге әкелу, тасымалдау жайы қарастырылып жатыр. Келісімшартқа қол қойылса, екпені елге жеткізу кестесі құрылады. Бастапқы жоспар бойынша бұл препарат  қазақстандықтарға қазан айында салына бастауы тиіс еді. Оның өзінде тек 12 жастан асқан балалар мен жүкті әйелдерге егіледі деп жоспарланған. Қазір қазақстандықтарға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелген CoronaVac, VeroCell, сондай-ақ Ресейдің «Спутник-V» мен отандық QazVac екпесі салынып жатыр.

Қазақстан – короновирусқа қарсы вакцина шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі. Азаматтардың таңдау мүмкіндігі бар. «Көптеген мемлекеттің бұған қолы жетпей отыр», – деді Президент кешегі Жолдауында. Сөйтіп екпе алуға қарсы үгіттеп жүргендердің жетегінде кетпеу керектігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елімізде жаппай екпе жүріп жатқанымен, қоғамда бұған қарсы адамдар әлі де көп. Олар өздері бас тартып қана қоймай, халықты кері үгіттеуде. Соның кесірінен қаншама жұртты адастыруда. Мұндай адамдар өзінің ғана емес, өзгенің өмірі үшін жауап беретінін түсінуі тиіс. Сондықтан екпе алуға қарсы үгіттеп жүргендердің жетегінде кетпеген жөн. Адамзат көптеген індетті бастан өткерген. Вакцина пайда болғаннан кейін ғана қауіпті дерттерге тосқауыл қойылғанын ұмытпауымыз керек.