Хабар телеарнасы

Ақтөбе облысы активінің басқосуында Президент Жолдауы пысықталды

Айта кетейік, өңірде қазір вакцинаның бірінші компонентін​ 285 ​мың адам, екіншісін 228 мыңнан аса тұрғын салдырған. Вакцина халық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірден-бір жолы екендігі бүгін өткен облыс активінің басқосуында тағы бір мәрте айтылды. Президент Жолдауы талқыға салынған жиынға мемлекеттік орган басшылары, облыстық қоғамдық кеңес өкілдері мен ардагерлер қатысты.

Пандемиядан кейінгі кезеңде экономикалық өсімді қамтамасыз ету – ­алға қойылған негізгі міндет. Өңір басшысы бұл ретте денсаулық сақтау саласы мәселелерінің өзектілігін атап өтті. «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауында айтылған халықтың саулығына облыста ерекше көңіл бөлінуде. Бұл ретте бұқаралық спорттың дамуын да айта өткен жөн. Өңір тұрғындарының​ 32%-тен астамы дене шынықтырумен және спортпен айналысады.

Руслан Қамбаров, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:

- Қазіргі таңда Қарғалы, Темір аудандарының ауылдарындағы және Хромтау мен Қандыағаш қалаларындағы 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасуда. Бұдан өзге, биыл мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешенін және Жарқамыс, Жарлы және Жағабұлақ ауылдарында ангар типіндегі 3 спорт кешенін салу жоспарланып отыр.

Облыс әкімі стратегиялық құжаттың негізгі басымдықтары мен​ Мемлекет басшысы қойған ауқымды міндеттерді іске асыру жолдарына тоқталды. Бюджет қаражатын тиімді пайдалану, ауыл аумақтарын дамыту және халықтың қатысу бюджетін енгізу, шағын және орта бизнестің дамуын жеделдету, білім беру саласын дамыту сынды міндеттер қойылды.

Алтай Тайжан, облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі:

- Бұл Жолдау ­– Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңындағы Жолдау. Осымен ерекшеленеді. Бұл Жолдауда Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Тәуелсіздігімізді ең басты құндылық, оны сақтау үшін, әрі қарай нығайту үшін бірлік керек және осы мемлекетке үлкен өзгерістер, реформалар енгізу керек» деді.

Өңір басшысы Оңдасын Оразалин облыста Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған мақсат-міндеттерді орындау үшін барлық жағдайдың бар екендігін атап өтті. Тек құзырлы органдар қатаң бақылауды қамтамасыз ете отырып, жауапкершілікпен жұмыс істеу керек.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айбек Даутов