Хабар телеарнасы

Бүгін елімізде жалпыұлттық халық санағы басталды

Бұл – тәуелсіздік алғаннан бергі үшінші науқан. Оның өткізілуіне әр кезеңде өзіндік өзгерістер енгізіледі. Мәселен, осы жолы цифрлық технологияларды қолдануға басымдық берілген.

Науқанның өткізілуіне тікелей жауапты Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов өзгелерге үлгі ретінде алғашқылардың бірі болып онлайн режимде халық санағынан өтті. Мамандардың айтуынша, оған арналған sanaq.gov.kz сайты тәулік бойы жұмыс істейді.

Олжас Сайлаубекұлы, ҚР Ұлттық санақ 2021 ресми өкілі:

- 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін 45 күн бойы азаматтар санақ сауалдарына онлайн жауап бере алады. Ол сайтқа сондай-ақ eGov.kz порталы арқылы да, мобильді телефон арқылы да өтуге болады. Әр азаматқа телефон не поштасына санақтан өткені туралы хабарлама келеді. Ол хабарламаны азаматтарға 30 қазанға дейін сақтау керек болады.

Себебі 1 мен 30-қазан аралығында Интервьюерлер санақтан өтпеген азаматтарды қамту үшін үйлерді аралауға шығады. Хабарлама сол кезде керек.

Олжас Сайлаубекұлы, ҚР Ұлттық санақ 2021 ресми өкілі:

- Ол кезде есігіңізді қаққанда, хабарламаны көрсетсеңіз, ол қайтадан сізден санақ сауалдарын сұрамайды. Келесі мекен-жайға жүре беретін болады. Бұл жолы қағаздан мүлдем бас тартып отырмыз. Планшеттер арқылы санақ жүргізеді.

Биылғы халық санағында 91 сұрақ қарастырылған. Алайда азаматтар оның барлығына жауап береді дегенді білдірмейді. Науқанды өткізуге 32 мың адам жұмылдырылады. Олардың жалақысы, техникамен қамту өзге де ұйымдастыру жұмыстары үшін 9 млрд теңге бөлінген.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Нұрлан Малгелдинов