Хабар телеарнасы

ШҚО-да жаңа цифрлық технология алғаш рет сынақтан өтті

Механикалық монипуляторлар 4 жылдан бері күрделі операциялар жасауға қолданылып келеді. Шығыс өңірде эндо-протездеу жүйесі де жетілдірілген. Шығыс аймақта медицина саласын цифрландырып, жаңа серпіліс әкелу мақсатында 2018 жылы кешенді жоспар қабылданды. Соның ішінде операцияларды робот-хирургтардың көмегімен жасауға басымдық берілді. Италиялық профессор Стефано Джидаро қазақстандық дәрігерлерге роботтарды басқару тетігін үйретті. Бүгінде ақжелеңділер күрделі хирургия әдістерін өз бетінше қолдана алады. Қазір науқастарға операция жеңіл әрі жылдам жасалады. Жаңа техникалардың көмегімен 2 мыңнан астам науқасқа медициналық көмек көрсетілген. Бұрын мұндай әдіс-тәсілдер тек елордадағы клиникаларда ғана қолданылатын еді.

Дмитрий Недбайло, Өскемен қалалық амбулаториялық орталығының нейрохирург-дәрігері:

- Егер науқаста инсульт болса, оны құтқаруға тек 6 сағат қана уақыт болады. Ал бұл аралықта оларды Елордаға немесе Алматыға апарып үлгермейміз. Қазір күрделі операцияларды өзіміз жасай алатын болдық. Жаңашылдық нәтижесінде қызмет сапасы әлдеқайда жақсарды.

Мәселен, зейнеткер Нұрбағила Бекпеуова ауруханаға инсульталды жағдайында түсті. Күрделі операция жасалғаннан кейін бір аптаға жетпей, денсаулығы жақсарған көрінеді.

Нұрбағила Бекпауова, Өскемен қаласының тұрғыны:

- Операция жасады. Одан кейін бір күннен кейін күн тәртібі белгіленген қағазды алдым. Екінші күні өзім жүрдім. Одан кейін өздері шығарып жіберді.

Аймақта сапалы медициналық импланттар өндірісі де сандық жүйеге көшірілген. Мұнда адам ағзасымен үндесетін он шақты имплант түрі дайындалады. Мамандардың айтуынша, отандық протездердің бағасы шетелмен салыстырғанда екі есе арзан.

Бағдат Азаматов, Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғылыми қызметкері:

- Көп жағдайда Травмотология және ортопедия ҒЗИ-мен бірлесіп жұмыс істеудеміз және қосымша тапсырыс берушілеріміз бар. Солармен жұмыс істеудеміз. Көбінесе травмотология, ортопедияға арналған импланттаттар. Біздің импланттың ерекшелігі – бұл өзіміздің өніміміз, Қазақстанда жасалған.

Әзірге шикізаттар шетелден сатып алынады. Әйткенмен өнімді отандық мамандардың дайындауы – ғылыми жетістіктердің бастапқы қадамы екені даусыз.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Жігер Бабақанов