Хабар телеарнасы

Жарылыс болған Байзақ ауданындағы қазіргі ахуал қандай? – тікелей қосылым

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қазір біз жарылыс болған әскери бөлімнен шамамен 500 метр жерде тұрмыз. Көріп тұрғандарыңыздай, төңіректегі ғимараттар мен кәсіпкерлік нысандарының сау тамтығы жоқ.  Жойқын дүмпудің алғашқы толқыны сервистік кешен мен жанар-жағармай бекетін талқандап кеткен. Қираған шиша мен қалдықтардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Тіпті кейбір жерлерде снарядқа ұқсас жарылған темір бөлшектерін көруге болады. Жарылыс кезінде жан-жаққа ұшқаны көрініп тұр. Естеріңізде болса, төтенше жағдай кезінде бірнеше ауыл тұрғыны эвакуацияланған болатын. Ең қатты зардап шеккен Қайнар ауылы. Мұндағы үйлердің қабырғалары қақырап, төбесі опырылып ортасына түскен. Үрейі ұшқан жұрт ашық алқапқа қарай қашқан. Қазір бірнеше жедел жәрдем көлігі кезекшілікте әлі де тұр. Өрт толық сөндірілмеген. Мамандар шетінен келген шығындарды санап, зерделеп жатыр. Бірінші кезекте, саперлар төңіректі толық тексеріп шықпақ. Әскери бөлімге қазір ешкімді жақындатпайды. Әскерилер түгел қоршауға алған. Алайда ойраны шыққан кәсіпкерлік нысанының қожайыны мен Қайнар ауылының тұрғындарынан сұхбат алып үлгердік.

Марат Тұяқбаев, Қайнар ауылының тұрғыны:

 - Жан жаққа қарай қаштық. Ағайындардың біреуі Амангелдіге қарай, біреуі Шымкентке қарай қашты. Ауылда мал-жаны барлар ұры қарылар келмесін деп бір-бір адамнан қалды. Үй жөндеуге келмейді.

Жанна Назарбекова, кәсіпкер, оқиға куәгері:

 - Жарылыстан бәрі қирады. Қызметкерлердің бәрі кетті. Түнімен соларды іздедік. Бәрі тығылып жатқан. Бір қызметкеріміз көпірдің астында қалып қалған. Бірақ әскери адамдар қасында болған.

Әскери қоймада оннан астам жарылыс болған. Мұндағы оқ-дәрілердің көлемі Арыстағы қоймадан жеті есе аз. Жарықшақтар 3 шақырымға дейін жетуі мүмкін. Сондықтан жақын маңдағы үш ауылдың 220 тұрғыны шұғыл эвакуацияланған. Қазір жарылыс тоқтағанымен, қалдықтары жанып жатыр. Онда көбіне инженерлік оқ-дәрілер сақталған. Ал із-түссіз жоғалғандар қазір іздестіріліп жатыр.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Қорғаныс министрі:

 - Жарылыстан қаза болғандардың отбасына, туған-туысына көңіл айтамыз. Қазір із-түссіз жоғалғандар бар. Іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қоймада инженерлік қару-жарақ сақталған болатын.

Қорғаныс министрі оқ-дәрілер қоймасына қасақана өрт қойылуы мүмкін деген нұсқаны да жоққа шығармайды. Қазір жарылыс себебін жедел тергеу тобы анықтап жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, қауіпсіздік талаптары бұзылған болуы мүмкін. Химиялық реакция салдарынан өзі жануы да ғажап емес. Осы ретте әскери қызметшілерге, азаматтық персонал мен олардың отбасы мүшелеріне психологиялық көмек көрсету үшін топ құрылғанын айту керек. Оқиға орнында ешқандай келеңсіздік жоқ. Мамандар мен әскерилер жұмыс істеп жатыр.