Хабар телеарнасы

Қоскөлде мал жаятын жер жоқ

Ал жергілікті дихан-кәсіпкер екі жылдан бері тың жерлерді жыртып тастауға ниетті. Халықтың айтуынша, ол Сарыкөл ауданындағы жерді заңсыз иемденген. Ал аудандық әкімдік бұл ақпаратты теріске шығарып отыр.

Тимур Өмірзақов мал шаруашылығына бұрыннан ден қойған. Қорасында 40 жылқы мен 12 ірі қара бар. Биыл жеңілдетілген несиенің көмегімен қорадағы малы Қамбар атаның жеті басымен толықты. Мемлекеттік бағдарламаға аудан әкімдігінің ықпалымен қатысыпты. Олар малың болса, өріске айдайтын жер береміз деп сендірген.

Тимур Өмірзақов, Қоскөл ауылының тұрғыны:

- Несиемен жылқы алсаң, жер береміз деп уәде берді. Айтқандарын орындадым. Алайда маған бір гектар болсын жер бөлмеді. Бос жер жоқ деп ақталды.

Жалғыз Тимур емес, өзге де тұрғындар жайылымдық жерсіз қалды. Айналаның бәрі егіс алқаптары болғандықтан, өрістегі төрт түлік алысқа бара алмайды. Қомақты айыппұлмен жазаланасың. Сондықтан барлығы малын есік ауладан ары жібермейді.     

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Қазір қоскөлдіктердің иелігінде 700 гектардай жайылымдық жер бар. Егер бір жылқыға алты гектардан, ірі қараға бес және ұсақ малға бір гектардан есептелетін болса, тапшылық әлі 170 гектардан асып түседі. Демек, малдың жайбарақат жайылудың орнына әлі де қорада ұзаққа дейін қамалатыны анық.

Қоскөл маңындағы егіс алқаптарын кеңейту жоспары екі жыл бұрын әзірленді. Бірақ фермерлердің бұл бастамасы ауыл халқынан қолдау таппады.

Олар барынша кедергі жасап та көрген. Алқаптағы техниканы тоқтатып, кәсіпкермен сан мәрте дауласты. Сонда да қос тарап ортақ мәмілеге келе алмаған. Бұл мәселеден прокурорлар мен жер қатынастарының мамандары да хабардар. Құзырлы орган өкілдері осы келіспеушілікті бұқаралық ақпарат құралдарынан жасырмақ та болған.

Игілік Мұңдақов, Ленинский ауылының тұрғыны:

- Қалай өлшегендері түсініксіз. Әр қора, бақшадан бастап есепке алған шығар. Қалай дегенмен бізге қарасты жердің көлемі 600 гектарға жетпейді. Мал жаятын жер жоқ. Мына жақта шөп түгелімен қурап қалған.

Жайылымдағы төрт түлік су ішетін жалғыз тоған осы. Егер осыған баратын жолды өте алмастай етіп қазып тастаса, онда Қоскөл мен Ленинский ауылы тұрғындарының жағдайы тіптен қиындай түседі.   

Игілік Мұңдақов, Ленинский ауылының тұрғыны:

- Жыртылған жер мен тоғанның арақашықтығы бар жоғы 100 метр. Жылқыларды осында қуып суара алмаймыз. Жауыздық қой былай қарасаң.

Дауға түскен жердің көлемі 419 гектарға тең. Жерді фермер заң жүзінде  иелік еткенін аудандық әкімдік те растап отыр.

Нұрлан Батрашев, Сарыкөл ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы

- 419 гектар – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер. Ол конкурс арқылы сатылды. Негізінен ол елді мекен аумағына жатпайды. Сол себепті конкурсқа қоюға мәжбүр болдық.

Тұрғындар мен диқан ортақ мәмілеге келу үшін жергілікті билік тарапынан арнайы келісім жасалмақ. Оның негізінде 300 гектардай жер ауылдың қарамағына өтеді. Ал кәсіпкер басқа жер телімі сатылатын  конкурсқа қатысады деп шешілді.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг