Хабар телеарнасы

Алматыдағы жерасты өткелдері жөнделе ме?

Үш жыл бұрын 48 жерасты өткелін күрделі жөндеуден өткізу үшін қала бюджетінен екі жарым миллиард теңге жұмсалған болатын. Содан бері өткелдердің өңі қашып, күйі кетті. Мысалы, Әл-Фараби мен Меңдіқұлов көшелерінің қиылысындағы жерасты өткелінде жауынды күні су жиналады, Ал Гоголь мен Абылайхан көшелеріндегі өткелдің көркі кетіп тұр. Тұрмыстық қоқыс уақытында жиналмайды, қабырға тастары да қирап тұр. Қала бойынша осындай көріксіз көрініс көп, – дейді тұрғындар.

Мұхтархан Дәуренбеков, қала тұрғыны:

- Жерасты өткелдерден күніне он рет өтетін шығармын. Жүру мүмкін емес, лас су тамып тұрады. Сондықтан бұны жөндеу керек.

Гүлзат Кенбаева, қала тұрғыны:

- Кейде қоқыстанып жатқаны болмаса, былай жақсы. Осы қалпында тұра бергені дұрыс деп ойлаймын. Қауіпсіздігі жақсы. Камерасы бар. 

Ал осы мәселеге жауапты мекеменің жауабы қандай? Мамандардың айтуларынша, Алматыдағы барлық жерасты өткелдері қалыпқа келтіре бастады. Өткелдің әрін кіргізу үшін суреттер сырланып, қабырғалары жөнделіп, қосымша шамдар мен бейнебақылау камералары орнатылып жатыр. Жерасты өткелдері де қоғамның ортақ игілігі болғандықтан қала әкімдігі тұрғындарды тәртіп пен тазалықты сақтауға шақырады. Бұл бағытта қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен жұмыс атқарылып жатыр. 

Қаладағы жерасты өткелінің көбісі Алмалы ауданында орналасқан. Абай мен Абылайхан көшелерінің қиылысындағы бұл өткелде екі күннен бері қалыпқа келтіру жұмысы жүргізіліп жатыр. «Орталық болған соң, адам жиі өтеді. Сондықтан оның тазалығы да басты назарда», – дейді мамандар.

Абылай Макей, Алмалы аудандық көріктендіру бөлімінің бас маманы:

- Биыл аудандағы барлық жерасты өткелдерінің күтіміне бюджеттен 53 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы өткелдерді күн сайын тазалауға, күл-қоқысын шығаруға, кем-кетік жерлерін жөндеуге, бейнебақылау камералары мен шамдарды орнатуға жұмсалады. Әрине, өткелдегі жарық шамдарын шағып, суреттерді сызып кету қасақана әрекеттері болады. Сондай әрекеттерді біз бейнекамералар арқылы анықтауға тырысамыз.

Ал Медеу ауданында 8 жерасты және 12  жерүсті өткелі бар. Биыл солардың күнделікті күтіміне бюджеттен 23 млн қаржы бөлініпті. Соңғы күрделі жөндеу үш жыл бұрын жасалды. Өткелдердегі тазалық пен жарықтандыруға мердігер мекемелер жауапты. Жалпы жыл басынан бері қаладағы жерасты өткелдерінде тәртіп бұзған заңды және жеке тұлғаларға 2560 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы көлемі 59 млн теңгеге жуық айппұл салынған.

Есбол Күребай, Медеу аудандық көріктендіру бөлімінің бас маманы:

- Қазіргі таңда жыл сайын мердігер ұйымдар тарапымен тек қана күтіп-баптауы жұмыстары жүргізіледі. Биылғы жылы жерасты өткелдерін күтіп-баптау жұмыстарына жауапты – мердігер ұйым «ДМ строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі компаниясы. Аталған ұйымға жылдың басынан бері қарай үш айыппұл салынды. Ескертулер жасалды.   

Қаланың өзге де аудандарындағы жерасты өткелдерде ахуал әртүрлі. Көбісінде ұлттық және класикалық әуен ойнап тұратындығына қала тұрғындарының құлағы үйренгенімен, тазалықты да ұмытпаған абзал.

Авторлары: Алмас Садуақас, Кенже Амраев