Хабар телеарнасы

Ақмола облысында дауылдан кейін үйлер толықтай қалыпқа келтірілді

Бұл туралы жергілікті билік өкілдері хабарлады. Естеріңізде болса, осыдан 20 күн бұрын аталған ауылда қатты желдің салдарынан 40 шақты үйдің шатыры ұшып, электр бағаналары құлаған болатын.

25 шілде күні болған алапат дауылдан ең қатты зардап шеккен үйлердің бірі – Бекмолдиндердің баспанасы. Екпіні қатты желден ескі үйдің шатыры толықтай ұшып кеткен. Төбесі де ортасына опырылып түсуге шақ тұр. Бір сөзбен айтқанда, жөндеуге жарамай қалған.

Жұлдыз Бекмолдина, Изобильное ауылының тұрғыны:

- Біз шатырды жел «дәл осылай ұшырып әкетеді» деп ойлаған жоқпыз. Өте қорқынышты жағдай. Үстімізге ештеңе құламай тұрғанда аман-есен сыртқа шығып алдық. Сол сәтті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Төбемізге найзағай түскендей болды. Айналаның бәрі тас қараңғы боп кетті. Қатты қорықтық. Сөйтіп кейіннен әкімдікке бұл үйде тұра алмайтынымызды айттым.

Апаттың салдарын жою үшін арнайы құрылған комиссия да бұл үйдің жарамсыз екеніне көз жеткізіп, аталған отбасыға кәсіпкерлердің көмегімен жаңа баспана алуға септік еткен. «Ал қалған үйлердің шатырлары дәл бұлай зардап шеккен жоқ», - дейді ауыл әкімі. Дегенмен барлығын толықтай қалыпқа келтіруге екі аптадай уақыт кеткен.

Қамарбану Қабылденова, Изобильное ауылының тұрғыны:

- Түскендерін берді. Өзі шіріп тұрған ғой. Қалғанын өзіміз сатып алдық. Мына шиферды жаңарттық. Әйнек те алай-дүлей. Әйнек те берді.

Ауыл халқы табиғат апатының кесірінен 5-6 күн жарықсыз отырған. «Қазір электр бағаналарының да барлығы түгелдей жаңартылды», – дейді, жергілікті билік өкілдері. Енді тұрғындарға бір реттік қаржылай көмек көрсетілуі тиіс.

Руслан Жақсыбаев, Изобильное ауылының әкімі:

- Мемлекеттен берілетін өтемақы қаланың әлеуметтік қорғауға тапсырылды. Қазір шоттар халықтан жиналып жатыр. Бұл шоттарды қалаға жіберіп, 2 күннен кейін немесе келесі жұмада беріледі деп ойлаймын. 40 МРП – 166 мың.

Жалпы Изобильное – Ақмола облысының ең шалғай ауылдарының бірі. Мұнда 150-ге жуық түтін бар. 500-дей адам тұрады. Апаттан кейін елді мекенде төтенше жағдай жарияланып, оның салдарын жоюға 10 млн теңгеден астам қаржы бөлінген болатын.

Галина Луговая, Изобильное ауылының тұрғыны:

- Мен 1977 жылы осында тұрмысқа шықтым. Содан бері осында тұрып жатырмын. Желдер болатын. Бірақ дәл осындай дауылды көрген емеспіз. Енді мына салған шатырлары қаншалықты шыдайды, білмеймін. Енді жел тұрса, қорқып отыратын болдық.

Енді мұнда шатыры жабылмаған тек Мәдениет үйі қалып отыр. «Ол да алдағы уақытта жөнделеді», – дейді ауыл әкімі. Ал қазір елді мекенде құлаған ағаштарды жинау және оларды түбімен кесу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко