Хабар телеарнасы

Жұмыс орнындағы қауіпсіздік шаралары қаншалықты сақталады?

Өндірістік жарақаттарды болдырмау мақсатында еңбек қауіпсіздігі бірінші орынға қойылған. Жол картасы шеңберінде кәсіподақ ұйымы мен кәсіпорын басшылығы бірлескен шараларды қолға алды.

Николай Сухотерин, Ақсу ферроқорытпа зауыты бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы:

- Жұмысшы зауыт аумағына кірерде өндірістік бағдарламадан өтеді. Кейін оған арнайы киім беріледі. Сонымен қатар жеке қорғаныс құралдарымен қамтылады. Көзілдірік, респираторлар мен каскалар беріледі. Бұл бірінші кезеңте еңбек және денсаулығының қауіпсіздігі үшін қажет.

Металлургиялық кешенде өндірістік кеңес құрылған. Құрамында 93 техникалық инспектор бар. Жол картасы аясында олардың жұмысы жаңаша өрбімек. Инспекторлардың біліктілігі заманауи ақпараттық технологиялар мен әдістердің көмегімен арта түспек.

Линар Рахадилов, Ақсу ферроқорытпа зауытының еңбек қауіпсіздігі жөніндегі маманы:

- Цех комитеттерінің төрағалары техникалық инспектор қызметін атқарады. Олар еңбеккерлердің жұмыс орны, асхана, жуыну бөлмелеріне дейін тексереді. Бұзушылықтар анықталса, шұғыл жояды. Күрделі мәселе туындаса, мерзімін белгілейді. Кейін есеп береді.

Техникалық инспекторлардың біліктілігін арттыруға облыстық кәсіподық ұжымы да атсалыспақ. Еңбек қауіпсіздігі саласындағы өзге үрдістерге қоғамдық бақылау жүргізіледі.

Динара Айтжанова, облыс кәсіподақтары аумақтық бірлестігінің төрайымы:

- Техникалық инспекторлардың ескертулері кеңес түрінде қабылданады. Олар ай сайын есеп береді. Ал өндірістік кеңестің шешімін жұмыс беруші мен жұмысшының өкілі қабылдаулары шарт. Кәсіподақтар ұйымдары мен техникалық инспекторлардың жұмысын біріктіру мақсатында жол картасы қабылданды.

Зауытта төрт ай ішінде жұмыс орындары 413 рет тексеріліп, 500-ден астам бұзушылық анықталған. Еңбек жағдайын жақсарту мақсатында 130 ұсыныс жолданған. Олардың барлығы назардан тыс қалмай, тиісті шара қолға алынады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Жеңіс Темірболат