Хабар телеарнасы

Алматыдағы Жалаңашкөлдің тағдыры қыл үстінде тұр

«Әйтпесе шипалы су ластанып, экологиялық апат болуы мүмкін», – дейді жергілікті тұрғындар. Қазірдің өзінде көл жиегінде тұрмыстық қалдық шашылып, балшығы тасылып жатыр. Жүк көліктері де жағалаумен жүйіткіп өтеді. Көлік ағыны толастамайтын қара жол Шығыс Қазақстан мен Алматы облысын жалғайды. Көрші елден тауар тасымалдайтын ауыр техникалар Жалаңашкөлді жағалай жүреді. Жүргізушілер орта жолда суға түсіп, бой жазады. Одан бөлек туристер де көптеп келеді. Өйткені суды шипалы, балшығын денсаулыққа пайдалы деп біледі.

Жарқынай Мағлұмова ШҚО қарасты Жалаңашкөл станциясында тұрады. Оның айтуынша, шомылу маусымы басталысымен бұл жерде кісі қарасы үзілмейді. Тынығушылар демалып қана қоймай, қайтарында балшықты салып әкететін көрінеді.

Жарқынай Мағлұмова, ШҚО Жалаңашкөл станциясының тұрғыны:

- Қазір суды кешесің, он метрдей жүріп барған соң ғана балшық бар. Бұрын жақын еді. Сосын мына жерде балшық үлкен болып жататын. Содан алатын әсері жақсы деп. балшық кетіп бара жатыр. Енді бір өкініштісі, бұл жердегі адамдар қоқсықтарын жинамай кетеді.

Тұрмыстық қалдықтарды жергілікті тұрғындар жинап, экологиялық апаттың алдын алып жүр. Бірақ олар көл жағалауын тұтастай тазалай алмайды. Өзекті мәселені Алматы облыстық экология департаментіне жеткіздік.

Серік Сарыбасов, Алматы облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары:

- Жалаңашкөл бойынша сіздердің тарапыңыздан мәлімет келіп отыр. Департамент тарапынан мамандар жолданатын болады. Аумақтың қазіргі жағдайын байқап қарайды. Ол бойынша тиісті шаралар қабылданып, жергілікті атқарушы органдарға тиісті тапсырмалар беріледі.

Қанат Дәуренбеков, облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

- Су қорғау аймағы болғандықтан оның ластанбауын «Балқаш-Алакөл» бассейндік инспекциясы мен экология департаменті бақылау жүргізеді.

Жалаңашкөл жайлы ел арасында аңыз көп. Соның бірінде жоңғар басқыншыларына қарсы соғысқан қазақтың қалың қолы осы көлге келіп емделген деседі. Судың адам ағзасына пайдасы барын зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдар да дәлелдеді.

Еркін Тоқпанов, география ғылымдарының кандидаты, доцент:

- 2008-2009 жылдары жүргізілген зертханалық талдау нәтижелері бойынша құрамында натрий, хлор, темір, магний тағы басқа адам ағзасына пайдалы элементтері көп. Сондықтан да оның суын Алакөл сияқты емдік мақсатта пайдалануға болады.

Жалаңашкөл «Алакөл» қорығының құрамына кіреді. Сегіз жыл бұрын ол ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік биосфералар аймағы жүйесіне енгізілген.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев