Хабар телеарнасы

Көкшетаудағы Қопа және Бурабайдағы Шортан көлі тазартылады

«Себебі су айдынындағы кейбір химиялық заттардың үлесі шамадан тыс», – дейді экологтар. Мамандар бұл мәселені жылда көтереді. Алайда одан еш нәтиже жоқ. Оның үстіне су астындағы балдырлар өсіп, көл жағалауы күл-қоқысқа толған. Сексеннің сеңгіріне шыққан көкшетаулық Қыдырма ақсақал Қопаға жақын жерде тұрады. Қария зейнет жасына жеткелі бері осы көлде балық аулайды. Айтуынша, бұрын су бұдан сәл таза болатын. Ал қазір мұнда күл-қоқыс пен шөп-шалаңнан аяқ алып жүру мүмкін емес.

Қыдырма Құсайынов, зейнеткер:

- Көлдің түбінде де көптеген қоқыс бар. Кейде балық аулағанда неше түрлі қоқыстарды алып шығамыз. Құтылар, ескі киімдер және т.б. Анда-санда суға түсем. Бірақ көлдің суы көрдің бе, мінекей, қандай кір.

Қарт балықшының сөзінше, қазір су астындағы бұлақтар да бекітіліп қалған. Сондықтан көл өзінің табиғи тазару процесін тоқтатқан болуы мүмкін.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Жергілікті тұрғындардың айтуынша, көл суы жылдан-жылға тартылып та барады. Мәселен бұрын жағалау мына жерге дейін жететін болса, ал қазір ол 3-4 метрге алыстап кеткен. Бұл да өз кезегінде су айдынының ластануына сеп болып отыр.

Өйткені суы таяз жерді қамыс пен балдыр басып кетеді. Көлдің ластануына тағы бір себеп – ол қаланың қақ ортасында орналасқан. Яғни тұрғындар да оның тазалығына тікелей кері әсер етіп отыр. Міне, осы жағдайлардың барлығы қосылып, су сапасының нашарлауына сеп болды.

Айқын Нұрахмет, облыстық Экология департаменті бөлімінің бас маманы:

- Су құрамында тұздық көлемі, азот аммониі және темір, марганец сияқты химиялық заттардың нормативтері асып түсуі байқалады. Бұл қаланың ішіндегі кәріз жүйесінің дұрыс істемеуінен және қамыстардың шіруінен келетін химиялық заттар боп саналады.

Мамандар осы мәселені көтеріп, облыстық әкімдікке талай хат жазған. Алайда нәтиже шамалы. Жауаптылар: «Көлді тазалау үшін қолдан келген шараның бәрін жасап бағудамыз», – дейді. Қамысын шауып, балық жібергендерін айтады. Ал суды балдырлар мен қоқыстан толық арылтуды көздейтін жоба әлі күнге дейін бекітілмеген.

Болат Төкішев, облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

- Биыл біз ол жобаның техникалық негіздемесін қайта қараймыз. Ал келесі жылы оның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Содан кейін барып, қаржы бөлінсе, көлді толық тазалау басталады. Бұл шамамен 2024 жылы болуы мүмкін.

Ал санитарлық дәрігерлер Қопада ішек таяқшалары индексінің шамадан тыс екеніне көз жеткізген. Яғни бұл суды жұтқан адам инфекциялық ауруларға шалдығуы ықтимал. Бірақ көлдің ластанғанына қарап жатқан ешкім жоқ.

Айта кету керек, Көкшетауда былтырдан бері аталған көлдің жағалауын жаппай абаттандыру басталды. Тұрғындар: «Енді осы жұмыстың соңы су айдынын түбегейлі тазалаумен аяқталса екен», – деп тілектерін жеткізді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко