Хабар телеарнасы

Қызылордада күріш қымбаттауы мүмкін

Ал қазір аймақтың сауда сөрелерінде, күріштің келісі 220 теңге шамасында сатылып жатыр. Диқан қауымның қазіргі бар уайымы – егінін күйдіріп алмау. Сол үшін олар тіршілік нәрін тарататын қондырғылар орнатып, кезектесіп суғару кестесіне көшті.

Аймақтағы күріш егетін 550 шаруашылық құрылымы гидродефицитке байланысты мың жарым гектар алқапты қысқартуға мәжбүр болған. Мәселен, Қармақшы ауданындағы агросеріктестік өткен жылмен салыстырғанда 700 гектарға аз егіп отыр. Соның өзінде 70 гектардай егістікке су көтерілмей егін күйіп кеткен. Диқан қауымның айтуынша, бұған қоса жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектер және тыңайтқыш қымбаттаған.

Сәбит Пірманов, агросеріктестіктің бас маманы:

- Бұрын күріштің өзіндік құны 80-90 теңгеге баратын. Қазір 170-180 теңгеге жақындап қалды. Бұл шығынды да жаппай тұр. Сол үшін күріштің бағасы кем дегенде 400 теңгеден болса деп отырмыз.

300-дей тұрғынды жұмыспен қамтитын шаруашылық 3-Интернационал ауылының абаттануына елеулі үлес қосып келеді. «Бірақ биыл әлеуметтік жауапкершілікке бөлінетін қаржыны едәуір қысқартуға мәжбүрміз», - дейді агросеріктестік басшылары.

Сәбит Пірманов, агросеріктестіктің бас маманы:

- Ауылдың тазалығына байланысты ТКШ мекеме аштық. Оның өзінде 26 адам жұмыс істейді. Олардың айлығы кемінде 100 мың теңге. Сол кезде айына 2 млн 600 мың теңге төлеп отырмыз. Ауылдың аз қамтамасыз етілген отбасыларына көмек беріп, үйлерін бұзып, жаңадан салып беріп жатырмыз. Соның бәрін күріштен шыққан пайдадан істейміз. 

19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қатарына кіретін күріштің шекті бағасын мемлекет белгілейді. Аймақта агротауарлар құнының өсу индексі республикалық көрсеткіштен бір жарым процентке төмен болып отыр. 

Жүсіпбек Әжібеков, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы:

- Бүгінгі таңда сауда орындарында күріштің бағасы 220 теңгеден сатылуда. Жыл басынан бері 15 жәрмеңке өткізіп, 500 тоннадан астам азық-түлік өнімі 15-20% төмен бағада сатылды. Облыста күріш қоры жеткілікті. Баға тұрақты шамада болады деп есептеп отырмыз.

Өткен жылы аймақтың егіншілері әр гектардан орта есеппен 60 центнер күріш алған. Қуаңшылықтан әбден қысылған шаруалар күзде қамбаны астыққа толтыра аламыз ба деп алаңдаулы.