Хабар телеарнасы

СҚО-да коронавирустан сауығып шыққандар үшін оңалту орталығы жұмысын бастады

Азаматтар бұл жерде түрлі жаттығулар жасап, тыныс алу жолдарын жақсартады.

Торғай Терекбаевв – көпбалалы ана. Былтыр коронавирусқа шалдыққан.  Қауіпті індеттен құлан таза айыққанымен, 66 жастағы кейуананың иммунитеті төмендеп, аяғын баса алмай қалыпты. Енді оңалту орталығында арнайы сауықтырудан өтіп жатыр.

Торғай Терекбаева, емделуші:

 - Мен ауырып келдім. Келгеніме міне 14 күн болады. Қазір аурудан айығып, жеңілдеп қалдым.

Оңалту орталығындағылар белгіленген кестеге сәйкес табиғат аясында бірнеше жаттығу жасайды. Сондай-ақ түрлі физиотерепиядан өтеді. Күніне ек мәрте тұзды шахтада отырады. Бұл өкпемен тыныс алу жолдарын жақсартуға сеп болады.

Мәрияш Сейтахметова, оңалту орталығының бөлім меңгерушісі:

 - Жанға жайлы музыка емделушілерге өте ұнайды. Олардың көбінде коронавирусқа шалдыққаннан кейін жөтел пайда болды. Жөтел болғанымен, қақырық шықпайды. Енді осы тұзды шахтадан кейін қақырық кетіп, тыныс алулары жақсарады.

Мамандардың айтуынша, ағзаның оңалуы үшін 10-15 күн уақыт қажет. Ол үшін азаматтар мұнда 20 шақты емдеу курсынан өтеді.  Бастысы бәрі тегін. Ем шара ақысы медициналық сақтандыру қоры есебінен төленеді. Әрқайсысына шамамен 75-80 мың теңгеден.

Қаныш Бижанов, Облыстық туберкулезге қарсы диспансердің директоры:

 - 15 миллиондай қаржы жұмсалды. Оның ішінде біз көптеген физиоқондырғы, жаттығу залға керек құралдар алдық. Біздің орталыққа түсу үшін тек қана порталға кезекке тұрады. Порталға тұрғызғаннан кейін біз ол кісілерді жатқызамыз.

Әзірге өңірде санаторлық үлгідегі оңалту орталығы Мағжан Жұмабаев ауданында ғана бар. Алда олардың санын арттыру көзделіп отыр.

Самат Қайырденұлы, тілші:

 - Орталықтың жұмыс істеп тұрғанына бір жарым айдай болды. Осы уақыт аралығында мұнда 60-қа жуық адам келген. Бүгінгі күні оның тең жарытысы сауығып, үйлеріне қайтты. Айта кету қажет, бұл жандардың басым бөлігі – егде жастағы азаматтар.