Хабар телеарнасы

Тамыз айының бірінші жексенбісінде Көлік қызметкерлері күні атап өтіледі

Отандық ірі тасымалдаушы – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының негізгі активтерінің бірі болып табылады.

Әр машинист жылына кемі 100 мың жолаушы тасымалдайды. Оның теміржол көлігін шұғыл тежеуін не кестеге сәйкес емес уақытта тоқтатуын бірден түсіну қиын. Бұл сәтте апатты болдырмау үшін мұндай әрекетке барғанын көп адам біле бермейді. 3 шілдеде Нұр-Сұлтаннан Арқалыққа шыққан жолаушылар поезы Приишимская станциясына 100 метр қалғанда кенет тоқтайды. Машинист Бақыт Сейфуллин майысқан рельстерді алыстан көріпті.

Бақыт Сейфуллин, машинист:

- Бізді күннің әлі жарық болғаны құтқарды. Діттеген жерімізге кешігіп жеттік. Есесіне поезд құрамы теміржолдан шығып кеткен жоқ. Біздің жұмысымыз үнемі сақ отыруды талап етеді.

Дәл сол күні еліміздің батысында жүк поезын жүргізіп келе жатқан Дәулет Толыбаев та қырағылық танытып, апаттың алдын алды. Ол теміржолдың «Маңғыстау - Сай Өтес» бөлігіндегі 14-15 бекет арасын жаңбыр суы шайып кеткенін байқап қалады. Поезды шұғыл тоқтатып, диспетчерге жағдайды хабарлайды.

Дәулет Толыбаев, машинист:

- Тоқтап, артта келе жатқан жұп-тақ поездарға бәріне хабарлап, ескерттім. Артта 336 шақырымда көпір бар. Оның астында су шайып жатыр екен. Алға да жүрмеймін. Сол жерде тұрып, жол жөндеуші қызметкерлерін күттім.

Кәсіби біліктілік танытқан локомотив бригадалары наградаға ұсынылды. Жалпы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында 103 мыңнан астам адам еңбек етеді. Әрқайсы және «Самұрық-Қазына» Қоры компаниялар тобындағы 276 мың қызметкер де ел әлеуетінің артуына аянбай үлес қосуда.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев