Хабар телеарнасы

Қызылорданың Орталық алаңы бей-берекет сауда орнына айналған

Тұрғындар емін-еркін серуендейтін тынығу орны кешқұрым у-шу, азан-қазан. Бар жылдамдықпен жүйткіген 4 адамдық велосипедтердің балаларды қағып кету деректері жиі тіркеледі.

Отбасылық серуенге шығып ауыр соққы алған Ирина Виноградованың аяғы қанталап, сыздағаны әлі басылмай жүр. «Субұрқақтың жанында жүріп, төмен түскенім сол еді, 10-12 жастағы жасөспірімдер мінген 4 дөңгелекті велосипед қақты да кетті», – дейді жас ана.

Ирина Виноградова, қала тұрғыны: 
- Қайта балаларым алдыға озып кетіп, соққыдан аман қалды. Аяғым дөңгелектің ортасында қалып, төрт адам мінген велосипед үстімен өте шықты. Велосипед тізгіндеген қыздардың бірі: «Тежегішті бастым», – дейді. Ал жанындағы қыз «ол қай жерде» деп аңтарылып отыр. Бұл – тұтынушыларға қауіпсіздік қағидаттарын мүлдем үйретілмейді деген сөз.

Кешқұрым орталық алаңдағы әуенді субұрқақты жағалай жарық шамдары самаладай жарқырайды. Күндізгі аптап басылғасын саялы арбаттың бойы да жанға жағымды. Күні бойы ыстықтан үйге тығылған үлкен-кішінің қас қарая алаңға ағылатыны сондықтан. Бірақ алшаң басып жүре алмайсың, алды-артыңды бақыламасаң, қатер аяқ астында.  
Негізі мұнда жабайы сауда қатарын жайып, түрлі аттракцион қоюға болмайды. «Бірақ кәсіпкерліктің жолын кесіп, оларды қуып шыға да алмаймыз», – дейді жергілікті билік өкілдері.

Бағлан Амангелдиев, қалалық Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
- Бұл жерлерде кәсіппен айналысуға болмайтындығы жөнінде әкімдік пен қалалық полиция басқармасы түсіндірме жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде. Осы мәселені шешу, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Қызылорда қаласының аумағынан 90-ға жуық жер учаскесін қарастырып ұсынған болатынбыз. Алайда кәсіпкерлерге күнделікті осы жер ыңғайлы болғандықтан басқа жаққа ауысқылары келмей жұмыс жасауда.

Қайрат Сарымбетов, кәсіпкер:
- Орталық саябақта орын жоқ. Бізді кіргізсе, әрине, барамыз. Ол жақтың бәрін алып қойған. Біз әкімдікке «Орталық саябаққа кіргізіп беріңіздер» деп өтініш жасадық. Қанша дегенмен пәленбай миллион несиеге алып келген нәрсе. Бұл велосипедтің біреуі 380 мың теңге тұрады. Бала-шағаны асырау керек.

Сонымен әкімдікке өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын шешім табу керек болып тұр. Дегенмен адам саулығы мен өмірі бәрінен қымбат. «Сондықтан велошабандоздарға бөлек алаңқай бөлінгені дұрыс дейді», – тұрғындар.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов