Хабар телеарнасы

Алматыдағы Бартоғай су қоймасы сарқылып барады

Себебі Бартоғай су қоймасындағы судың деңгейі тағы төмендеді. Елдің оңтүстік-шығысында орналасқан жасанды көл ауқымды егін алқабын сумен қамтамасыз етеді. Су қоймасындағы тіршілік нәрінің күрт азайып кетуінің басты себебі –Шелек өзенінен келетін ағын аз. Дегенмен Бартоғайға жауапты Үлкен Алматы каналының басшылығы суды оңтайлы таратуға тырысуда. 

Шелек өлкесінің диқандары өткен жылы егіннің жартысына жуығын жоғалтты. Мұндағы шаруашылықтар «қауіпті егіншілік» деп аталатын аймақта орналасқан. Топырақта құнарлы қабат жоқтың қасы. Соя немесе жүгері өсіру үшін көп су қажет. Ал су тапшы. Басты себеп – Бартоғай су қоймасындағы су деңгейі төмен. Қазір жасанды көлдегі судың деңгейі ең төменгі көрсеткіште тұр. Ол тек су қоймасы құрылымдарының дұрыс жұмыс істеуін ғана қамтамасыз етеді. Бартоғайдың су өткізгіш қақпақтары жабық. Апаттық арна арқылы көлден бар болғаны 95 текше метр су кетіп жатыр.

Мейрам Арыстанов, Д.Қонаев атындағы ҮАК филиалы директорының орынбасары:

- Негізінде «су аз жыл» деп айтуға болады. Себебі 20 шілдеге дейін Бартоғай су қоймасына келетін орташа тәуліктік судың көлемі 75 текше метрден артық болған жоқ. Бірақ оған қарамастан биылғы жылы біз ауыл шаруашылық тұтынушы кооперативтерін жалпы шаруаларды сумен толық қамтамасыз еттік.

Үлкен Алматы каналы басшылығының есептеулері бойынша Бартоғайда қалған су 1 тамызға дейін жетуі керек. Содан кейін оның арнаға түсуі біртіндеп азая бастайды. Ал қыркүйектің соңына қарай судың негізгі бөлігін Шелек өңіріне жіберу жоспарланып отыр. Қазіргідей қуырған 40 градус ыстықта егінге су қажет-ақ.

Нұрлан Баймұханов, диқан:

- Былтыр сумен проблема болды. Біраз жерлер күйіп кетті. Былтырмен салыстырғанда биылғы судың мәселесі әлдеқайда жақсы. Құдай амандық болса, аламыз деп ойлаймыз, ауа райы қалай болар екен, мәселе суда, суды жалпы осылай беріп тұрса, онда өнім болады.

Бартоғайдағы судың азайып кетуіне тасымалдау кезіндегі судың көп шығындалуы да әсер етіп отыр. Жыл сайын су қоймасынан миллиард текшеметрге жуық су жіберілсе, ол 50-60 мың гектарды ғана қамтамасыз ете алады. Ал суарылуға тиіс жер бұдан екі есе көп.

Мейрам Арыстанов, Д.Қонаев атындағы ҮАК филиалы директорының орынбасары:

- Біріншіден, ол дихандарға суды апару мәселесі, бізде шаруа арасындағы ішкі шаруашылық көп, сол жерде көп шығын болып жатыр. 50% дейін суды жоғалтып отырмыз. Сондықтан осы мәселеге көңіл аударуымыз керек. Екінші мәселе – ол мына ауыспалы егістікті сақтамау. Сол себептен сумен қамтамасыз ету мәселелері туындайды.

Үлкен Алматы каналының басшылығы егінді сақтап қалу үшін су қоймасынан қанша қажет болса, сонша су жіберуге дайын. Айта кету керек, биыл егіс алқабы шамамен 13 мың гектарға ұлғайды. Сондықтан судың жетіспеушілігі болашақта да өзекті мәселе болып қала бермек.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Григорий Беденко, Радик Джакупов