Хабар телеарнасы

Арыс халқы маңғыстаулықтар үшін бір вагон шөп жинады

Қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың айтуынша, жергілікті кәсіпкерлер өздері ірі шаруашылықтар мен көрші аудандарды аралап, бүгінге дейін мың жарым түк, яғни бір вагон болатын шөп жинаған. Себебі биыл қолайсыз ауа райына байланысты Арыста да шаба қоятын дайын шөп жоқ. Сондықтан белсенді азаматтар бірігіп, мал азығын сатып алуда.

Қазір тұрғындар шөпті жүк көліктеріне тиеп, бір орталыққа жиыстырып жатыр. Алдымыздағы аптада темір жол арқылы 1 вагон шөпті Маңғыстау өңіріне жөнелтпек.

Гүлжан Құрманбекова, Арыс қаласының әкімі:

- Бірінші кезекте біз Арыс қаласының тұрғындарын мал азығымен қамтамасыз етуіміз керек. Ал кәсіпкерлер өздері жібереміз десе, вагонның бәрін тегін жасап береміз. Теміржол станциясымен келісім бар. Міне шөбіміз десе, біз вагонды беруге дайынбыз. Ол жағынан қолдаймыз.