Хабар телеарнасы

Ұранқай ауылы жол мен жерге жарымай отыр

Ұлардай шулаған ағайынның айтуынша, талай жыл көтеріліп келе жатқан мәселені шешуге бірде-бір әкім бел шешіп кіріспеген. «Әне болады, міне жасаймыз» деген билік уәдесінен шаршаған зейнеткерлер: «Біз қартайдық, енді ұрпағымыз да өркениет игілігін көрмей күн кешетін түрі бар», - деп қынжылып отыр.

Туризм жайлы арнайы репортаж түсіріп жүріп, Ұранқай ауылына соққанымызда ондағы жұрттың мұң-мұқтажын тыңдамай кетуге біздің дәтіміз шыдамады. «Айтар арызымыз көп» деген халық бізді қаумалап, мәселелерді жіпке тізіп берді. Аспандағы айды әпер демеді. Сұрайтындары қарапайым қажеттілік – жол, жер және интернет. Мәселен, 300-ден астам тұрғыны бар Ұранқайдың ішіндегі жол 1975 жылдан бері жөнделмепті. Қазір тұрғындар «айта айта Алтайды Жамал апам қартайдының» кебін киіп отыр.

Төлеген Айтқажыұлы, Ұранқай ауылының тұрғыны:

- 27 жасымда маған келіп, осы жерге асфальт саламыз деп уәде берген. Біз ендігі шал болдық, 70-ке келдік. Балаларымыз да сол жер мен жолды күтіп өте ме деп уайымдаймыз.

Тіпті асфальт емес, қиыршық тас төгіп жолдарды тегістеп, көпірлерді жаңартып берсе, ұранқайлықтар соған да риза. Жасы сексенді алқымдаған Шайзада Ожекенов құдай қосқан жарын ауруханаға апарайын десе көлікпен үйінен шыға алмай отыр. Отын су түсірейін десе де, мына бір титтей жырадан өте алмайды. Көпір опырылып қалған. Ауыл әкімдігіне талай айтқанымен, бас қатырған ешкім  болмапты.

Шайзада Ожекенов, Ұранқай ауылының тұрғыны:

- Алексеевкаға бару керек, отын-су тасу қажет. Оның барлығына жол керек. Больницаға бара алмаймыз.

Әупірімдеп ауылға кіретін тас жол салынып жатыр еді, ол да орта жолдан 3.8 шақырымға жетіп тоқтап қалыпты. Өйткені ары қарайғы жол орман шаруашылығына тиесілі. Сөйтіп бұл қашықтықты жергілікті жұрт «5 минут бақыт жолы» деп атап кетіпті. Енді үзілген «бақытты» ұзарту қиынға соғып тұр.

Алиджан Беткенбаев, Төсқайың ауылдық округінің әкімі:

- Ол – үлкен күрделі жұмыс. Бір сағат, бір айдың іінде шешілетін нәрсе емес. Қазір бізге 69 гектар берілді. Ол ауылға жете ме, жетпей ме белгісіз. Шамамен тағы 20 га жер керек.

Шекара шебіндегі  Ұранқай ауылының жайы Мәжіліс депутаттарының да назарында. «Дәл осы әлеуметтік проблемаларды жедел шешпесек, шекарадағы халықтың үдере көшуіне түрткі болады», - дейді олар.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Шекараны қорғайтын шекарашылар емес, шекараны қорғайтындар – сол жердің жергілікті халқы. Осы аксиоманы әрқашан есімізде сақтауымыз керек. Жол мәселесін де әкімшілік өкілдерімен қарастырдық. Жолға ақша бөлінген, бірақ ол өңірде жол салатын мердігер болмағандықтан тоқтап қалған. Келешекте ол жерде жол салуды жалғастыру жоспарда бар.

Бұдан бөлек ауыл қарттары тегін берілетін дәрі-дәрмекке мұқтаж. Ауылда дәріхана жоқ. Халық 90 шақырымдық қашықтықтағы Марқакөл ауылына баруға мәжбүр. Айтпақшы, ұранқайлықтар Марқакөлдің маңайына күл қоқыс төгіліп жатқанына да алаңдаулы. Өйткені  ауылда қоқыс алаңына арналған жер де табылмай тұр.

Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов