Хабар телеарнасы

Маңғыстауға 1300 тонна шөп жөнелтілді

Көрші аймақтағы ірі қараның күйіне алаңдаған жергілікті шаруашылықтардың кейбірі көмек беруді жалғастыра бермек ниетте. Ал екі аймақ әкімдіктері арасында бекіген меморандумға сәйкес бүгінге дейін Маңғыстау жеріне 1 мың 300 тонна шөп жеткізілген.

Маңғыстау өңіріндегі қуаңшылықтан малдың зардап шеккенін естіген Бақытжан Ержанов әрекетсіз қалуды ұят санаған. Сондықтан облыстағы ірі шаруашылықтың бірін басқаратын ол қысқа жиып жатқан шөбінен үлестіруді жөн санайды. Алғашқы көмегі ретінде жүк көлігіне 20 тоннаға жуық мал азығын тиеп, жөнелткен. Қожалықтағы төрт түлікке жыл сайын 25 мың орама шөп дайындайтын ол көрші өңірге қара күзге дейін көмек көрсетпек ниетте. Өзге шаруаларға тастаған үндеуі де бірден қолдау тапқан.

Бақытжан Ержанов, шаруа қожалығының басшысы:

- Бұл жем-шөп қазір Бейнеу ауданына барады. Екінші рейс қазір келеді. Ол Түпқараған ауданына барады. Одан кейін қазір тағы бір жерге жібереміз. Ол Маңғыстау ауданына барады. Солай әзірге бір-бірден жібереміз. Тек олар бізге көлігін жіберсе болды. Шөп тиеуге әзірміз. Бұл – бірінші рейс. Бірақ жалғасын табады.

Ақтөбе облысы бойынша әзірге Ойыл, Қобда, Байғанин, Хромтау және Мәртөк аудандарында Маңғыстаудың малына көмек көрсету қолға алынған. Кейбір өлкеде жөнелтілетін шөптен өзге жем де бір орынға жиылып жатқан көрінеді. Тек тасымалдау мәселесі шешілсе болғаны. Әзірге көрші өңірдің көліктері келіп алуда.

Нұрлан Жаумытбаев, көлік жүргізушісі:

- Жаңаөзен қаласынан шықтым. Мың жарым шақырым жүріп келдім. Шөпті Ақтөбе облысынан алып, Маңғыстауға көмек ретінде алып бара жатырмыз. Шаруа қожалықтарына апарып тапсырамын. Бұл да малдың қырылмауына көмектесер сауапты іс деп ойлаймын.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, екі өңір арасындағы меморандумға сәйкес қазір жұмыс қарқын ала түсті. Тегін шөп беруден өзге, текшеленген түрін арзан бағаға ұсынған шаруалар да бар. Дегенмен биыл Ақтөбе аймағындағы кейбір ауылдық округтердің өзінде де шөптің шығымы аз. Бұған ауа райы әсер еткен.

Асылхан Абтиев, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Шөп шабатын жер жеткілікті. Шаруашылықтар орман шаруашылығы жерлерін шапсын деп отырмыз. Сондай-ақ мемлекет қордағы жерді шабуға да рұқсат беріліп отыр. Ол үшін шаруашылықтар өздерінің тиісті әкімдігіне барып, арызын жазады. Егер ол бос жер болып жатса, соны келістіріп, шөпті дайындау жұмыстарын қолға алады.

Бүгінде облыс бойынша 465 мың шабындық және 202 мың гектар егілген шөп алқабы бар. Маусымның соңғы онкүндігінде шабу науқанына кіріскен шаруалар қазірдің өзінде қысқа қажетті мал азығының 60% астамын жинап үлгерген.

Авторлары: Әунарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев