Хабар телеарнасы

Қарағандыда өрттен болған шығын өтеледі

Ал шабынды жері жанып кеткен жұртқа көмек көрсетіледі. Ең қиыны – адам өлімі. Еске салсақ, өртті өз еркімен сөндіруге қатысқан 23 жастағы азаматтың мәйіті табылған болатын. Ауыл іргесін қызыл жалын шарпығанда ер-азаматтардың бірі қалмай, қызыл жалынмен күреске аттанған. ТЖ жарияланған үш ауылда көптеген ерікті ер-азамат жиналыпты. Солардың бірі – Қоскөл ауылының тұрғыны, 23 жастағы Бейбарыс Ескендір еді. ТЖ мамандығы бойынша оқуын аяқтаған ол әкесі қарсы болса да, өртті ауыздықтауға өз еркімен кеткен. Қайтып келмепті.

Дулат Асанов, Жезқазған қаласы ТЖБ бөлім басшысы:

- Қоскөлден 40 шақырым бағытта УАЗ көлігі табылды. Ол толық өртенген. 6 метр маңында 1998 жылғы ер-азаматтың денесі табылды. Қазір Ұлытау ауданы полициясы осы жағдайды анықтауда.

Байқоңыр ауылынан 50 шақырым қашықтықта қоныстанған жайлауда ең ірі мал шығыны тіркелді. Мұндағы фермердің тірнектеп жиғаны бір сәтте күлге айналған.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Сол жұт болатын күні Сағынтайдың отбасы мына тас үйде отырған. Ал жер қара болған соң, «жалын малға шаппайды» деген оймен қойды мына шарбаққа қамайды. Кенеттен оңтүстік бағыттан да, солтүстік жағынан да қызыл жалын лап қойған. Өрттің биіктігі 2-3 метрге жетіпті. 1,5-2 сағаттан соң далаға шықса, мал қынадай қырылып жатыр екен.

Қазір Сағынтай отбасымен қайтадан қыстақтағы үйінде тұрып жатыр. Келген комиссия әр малды нарық құнымен өтеп береміз депті.

Сағынтай Әбдібеков, шаруа:

- Аналық бас – 150, қозы-лағы бар 350 бас шығын болған. 10 бас бұзау бар. Осы бала-шағаны асыраған малғой. Өрттен алып қалғанда, ол жан-жақтан келді ғой. Бір жағын сөндірсең, біржағынан келіп.

Серік Абжанов, Жангелді ауылдық округінің әкімі:

- Облыстық комиссия өз шешімін шығарды. Қажетті құжатты дайындап, ТЖ байланысты базар нарқы бойынша әр қой-қозысына өтемақы беріледі. 7 күнде 25-30 гектар жер жанды, олардың бәрі – мемлекет қорындағы жер. Ал 49 жылға алған шаруалардың жері 2-3 адамның жері болмаса, жалпы қатты зардап шеккендер жоқ.

Бір ұшы – Қызылорда облысы, енді бір жағы – Қостанай облысымен шекаралас Ұлытау өңірінің әсем табиғаты қазір тура мағынада қара жамылған. Енді ауыл тұрғындары қыстың қамын, яғни шөп-жайды қайдан шабарын білмей дал.

Қаныш Балғазинов, Пионер ауылының тұрғыны:

- Мына жақта «Школьный» деген қыстақ бар еді, анамыздың жері. Сол жақ өртенді, шабындық кетті бәрі. Школьныйдың қасында кішкене жер бар, сонда жүр мал. Қыста соны шабамын, қалғанын білмеймін қайдан аларымды.

Ұлытау – жер көлемі жағынан облыста бірінші орындағы аудан. Бір аптада мыңдаған гектар жер отқа оранды. Билік тарапы зардап шеккендерге жәрдем болады деп уәде беріп отыр. Еске салсақ, Ұлытаудың Амангелді, Жангелді және Ақтасты ауылдарында әлі де ТЖ сақталған.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков