Хабар телеарнасы

Ақтауда 54 тонна қоқыс шығарылды

Тұрмыстық қалдық үйінділерін шағын аудандардан бөлек, теңіз жағалауынан да жиі көруге болады. Әкімдік мамандары болса құрылыс алаңдарынан шығатын қоқыстарды бақылаусыз жерлерге апарып төгетін кәсіпкерлердің жауапсыздығына қынжылады. Олардың айтуынша, жүрген жерін шашып-ластауға бейім тұрғындар мәселені ушықтыра түсуде. «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы жыл сайын Ақтаудың аумағында заңсыз пайда болған қоқыс алаңдарын әкімдікке көрсетіп береді. Биыл 68 орын анықталды. Қазір олар тазаланып жатыр. Әсіресе жаңадан салынып жатқан 19, 20, 31, 32-ші шағын аудандар маңы тұрмыстық қалдықтарға толы. Аптап ыстықта көтерілетін жағымсыз иіс пен шаңға тұрғындар тұншығып отыр.

Гүлнәр Байжанақова, қала тұрғыны:

- Кешке далаға шыққанда өте нашар иістер шығады. Кез келген қоқысты осы жерге әкеліп төгеді. Қай жерден әкеліп, төгіп жатқанын білмейміз. Себебі бұл жақта құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде.

Марат Қанатбаев, қала тұрғыны:

- Терезе аша алмайсың. Кешке үйдің қасында отырып демала алмайсың. Осы жердің тұрғыны болғаннан кейін көп қоқысты тастатпаймыз.

Апта басында жағалауға жақын тұрған «резиденция R1» аумағы қоқыстан толық тазарды. 54 тонна әртүрлі қалдықтар арнайы полигонға тасылды. Айтуларынша, жыл басынан бері қала аумағына заңсыз қоқыс төккен 56 тұлғаға айыппұл салынған.

Айбек Ербөлеков, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Оған қарамастан тұрғындар қалдықтарды тастауын жалғастыруда. 2020 жылы бізде қала аумағында 68-69 орын көрсетілген болатын. Оның 64-ін бүгінде толықтай тазаладық. Енді 2021 жылға 63 орынды көрсетіп отыр. Ол дегеніміз – алдыңғы жылдан қалған 5-уін қосқанда 68 орын. Бұйырса бұл жұмыстарды тамыз айына дейін толық тазалаймыз.

Жаз айлары демалушылардың көп баруына орай қала жағажайларынан күніне кемі 2 рет қоқыс шығарылады. Қазір жағалау бойында 87 контейнер тұр. Шаһар билігі тұрмыстық қалдықтар салынатын жәшік санын көбейтіп, көшелерге арнайы ескерту белгілерін қоюды жоспарлап отыр. Оған құлақ аспай, табиғатты ластаған тұлғаға 60-120 мың теңге аралығында айыппұл салынады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев