Хабар телеарнасы

Елорда – жастар қаласы

Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласына жыл басынан бергі 4-ақ айдың өзінде 15 мыңға жуық азамат қоныс аударыпты. Олар елорданың қалыптасуына өз үлестерін қосса, бас қалада бәрінің жағдайын жасау үшін түрлі жеңілдіктер жасалып келеді. Табысты қызметті былай қойғанда, жастар бас шаһарда қосағын тауып, шаңырақ көтеруде. Елорданың кескін келбетін де жастармен байланыстырған жарасымды, себебі қаланың өзі жас.

Елорда – жас қала. Десе де екпінмен дамытылған шаһар 24 жылда адам танымастай өзгерді. Былтыр елімізге 17 млрд доллардан астам тікелей шетел инвестициясы құйылса, оның біраз бөлігі ел жүрегі Нұр-Сұлтан қаласына бағытталды. Халық саны жыл санап көбейіп, тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Жыл басынан бергі 4 ай ішінде ғана елордаға 15 мыңға жуық адам біржола көшіп келген, қазір халық саны 1 млн 200 мыңға жуық. Қоныс аударғандардың дені – жастар.

Қаныш пен Жәмилә – Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары. Екеуі де арман қуып, еңбек жолымен елордаға бірнеше жыл бұрын көшкен. Бірі Алматыдан, бірі Павлодардан. Екеуінің жұмыс істейтін салалары мүлде бөлек болғанымен, тағдырдың жазуымен екі жас бірін-бірі кездестірген. Бір қызығы, екі жас былтыр 6 шілде күні танысқан. Сол күні мейрамханада жүздескеннен бері жұптары жазылмай келеді.

- Менің бір құпиям бар, осы қала күнінде өзімнің махаббатымды таптым, осы жылы тұрмыс құрғалы жатырмын, сондықтан да мен үшін махаббат қаласы, менің бақытымның қаласы деп санаймын. «Еңбек етсең, емерсің» демекші, әр жұмыстың, әр еңбектің өзінің жемісі болар, сондықтан да Нұр-Сұлтан қаласы көпшілікке және жасқа беретін мүмкіндігі мол, бұл қаланың болашағы үлкен деген сенімдеміз.

Қаныш Хангельдин, мемлекеттік қызметші:

- Елордада мен алғаш рет жұмысқа орналастым, осы қаладан сүйіктімді кездестірдім. Павлодар қаласынан көшіп келгеніме 15 жыл болды. Бас қалада жастарға қолдау көп. Мен өзім спортпен айналысатындықтан, қалада спорт алаңдарының көптігіне назар аударамын. Қызметімнен бөлек, бразилиялық джиу-джитсу, бокспен айналыстым, қазір бимен шұғылданып жүрмін. Болашақта би студиясын ашқым келеді.

Жамила пиар саласында қызмет етсе, Қаныш – мемлекеттік қызметші. Ендігі мақсаттары – отбасын құрып, ұрпақ өрбіту. «Елорда – бақыт мекені», – дейді екеуі.

Иә, елорда – жастар қаласы. Мұнда өнер қуып, шығармашылық шабытын оятып, оны одан әрі түлетіп, түрлендіремін деп келгендер де баршылық. Шығысқазақстандық Айнұр Құмарова бас шаһардағы Еуразия ұлттық университетінде бейнелеу өнері мамандығы бойынша оқу бітірген. Қазір өзінің сурет мектебін ашып, жұртшылықты қылқалам шеберлігіне баулып жүр. 

Айнұр Құмарова, суретші:

- «Бұрын мен 9 сыныпта оқып жүргенімде елордаға экскурсияға келгенмін, сонда күміс лақтырып ойнағанда, болашақта осында тұрғым келеді», – деп тілек тілегенмін. Міне, сол орындалды. Мен үшін Нұр-Сұлтан қаласы – бар балалық арман қиялыңды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қала. Өз өміріме ризамын, қазір мен ашқан мектепке балалар ғана емес, ересектер де келіп шеберлік сағаттарына қатысады.

Елімізде отбасы институтын, жастар саясатын дамытуға билік тарапынан жүйелі жоспар құрылғаны мәлім. Арнайы жастар жылы да ұйымдастырылды. Президенттік кадрлар резервінің жасақталуы да қаншама білім-білігі мықты мамандарды бас шаһарға алып келгені белгілі.

Шыңғыс Тілеулин, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

- Жыл сайын 11 мыңға дейін жас азамат Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келеді. Жастар негізінен IT, интеллектуалдық кластер салаларында қызмет етуге ниет білдіреді. Және де көпшілігі бас шаһардағы жұмыспен, тұрғын үймен қамту бағдарламаларына қызығып, осы жерде қызмет іздеуге тырысады.

Қалай десек те, елорданың бүгінгі ажарын жастардың бет-бейнесі, өмір салты, армандарымен салыстырған ләзім. Қызметте табыстарға жетелеген бас қала қанша жастың жүректерін табыстыруда.

Индира Жылқайдарова, тілші:

- Елорда мен жастардың бір ұқсастығы – екеуі де албырт, сымбатты, жетілу үстінде. Сапалы білім, қолжетімді баспана, жұмыспен қамту, азаматтық белсенділік, тұлға ретінде даму. Дәл осы 5 бағытты қамтитын «Жастар-Отанға» бағдарламасы қолға алынды. Елордада жыл сайын пәтер сатып алуға 7 млрд теңге бөлінетін «Елорда жастары» тұрғын үй жобасы да іске қосылмақ.

Авторы: Индира Жылқайдарова