Хабар телеарнасы

Қарағандылық мұғалімдер қызметтік баспанаға ие болды

Шара Сатемірова 6 жыл бойы  пәтер жалдап келген. «Баспанам болмаған соң, өзімді біреудің үйінде жүрген мейман сияқты сезінетінмін», - дейді. Алайда оның еңбегі еленіп, арманы орындалды. Қарағанды қаласына 15-ақ минутта жететін Ақтас кентінен баспана алды.

Шара Сатемірова, Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының мұғалімі:

- Педагогтардың мәртебесін көтеріп, қолдау көрсетіп жатқанын сезініп жатырмын. Көпбалалы ұстаздарға қамқорлық көрсетуі маңызды деп ойлаймын. Осы уақытқа дейін пәтер жалдап келдім. Үш балам бар. Алғысым шексіз.

Баспана кілтін табыстау жаңа оқушылар сарайының ғимаратында өтті. Ол кезінде Елбасының нұсқауымен салынған. Енді бұл жер де оқушылардың білім-біліктілігін жетілдіретін құтты мекенге айналмақ. Алдағы бірер айда оқушылар пайдасына беріледі.

Жеңіс қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:

- Баршаңызды келе жатқан мерекемен құттықтаймын! Осы жылы 24 пәтерді мұғалімдерге беріп отырмыз. Бәрі жақсы болса, 30-40 пәтерді қосымша Қарағанды қаласына береміз. Облыс бойынша осындай әлеуметтік пәтердің кілтін 2 мыңдай адамға табыстадық. Оның ішінде мұғалім, дәрігер басқа да маңызды салада істейтін кісілер бар.

Жалпы қазір Елорда күнін атап өту жаңаша сипат алып келеді. Қарағанды облысында жыл сайын мереке қарсаңында ұстаздар мен дәрігерлерге кезектен тыс жүздеген пәтер кілті табыс етіледі. 

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Аслан Демесбеав