Хабар телеарнасы

ШҚО тұрғындары шыбын-шіркейден көз ашпай отыр

Әсіресе Қалжыр, Боран және Теректі елді мекендерінде соңғы екі аптада жағдай мүлде қиындап кеткен. Маса мен шіркейдің көптігінен халық тіпті таңертең-кешке үйден шыға алмай отыр. Ал биыл аймақта бұрын-соңды болмаған қуаңшылық болып тұр. Ерте көктемнен бері бір тамшы тамған жоқ. Сондықтан су тоғандарының көбі тартылып, батпаққа айнала бастаған. Ал биолог мамандардың айтуынша, ондай жер маса-шіркейге өте қолайлы. Күршімдегі Қалжыр және Боран ауылдары дәл сондай сулы жерге қоныстанған. Тұрғындар таңертең-кешке мал жайлағанда бүркеніп жүреді. Масаға қарсы себетін дәрілік заттар да көмектеспейтінін айтады.

Күршім аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы мамандары қарап отырмағанын айтады. Аудандық бюджеттен 20 миллион теңге бөлініп, улау жұмыстары жүргізіле бастаған. Алғашқысы маусым айының басында жасалған. Енді екінші кезеңдегі дезинфекция басталмақ.

Мақсат Әкірамов, Күршім аудандық ТКШ бөлімінің басшысы:

- Боран, Қалжыр елді мекендеріндегі батпақты жердегі дезинфекциялау бойынша бірінші кезеңі жүргізілді. Оған сәйкес екі аумақты қосқан кезде 8 мыңнан аса гектар жер қамтылды. Енді бүгін шығу керек болатын. Ауа райының қолайсыздығына байланысты тоқтады. Мамандардың айтуынша, бұндай кезде тиімсіз. Енді жақын күндері жаңбыр басылған соң, осы жұмыстар қайта жүргізілетін болады.