Хабар телеарнасы

Қостанайда Ashyq-тың аясы кеңейді

Алғаш боп бұл жүйені Қостанай вокзалы енгізді. Қазір мұнда кірген әрбір адам вирус тасымалдаушы ма, жоқ па екені QR-код арқылы тексеріліп жатыр. Вокзалдағы бұл жаңашылдыққа біреулері таң қалып, біреулері кейіс білдіріп жатты. Олардың барлығына күзет қызметінің инспекторлары байыппен түсіндіріп, көрсетеді. Әзірге алғашқы екі күнде вирус тасымалдаушылар, яғни QR-код арқылы «қызыл», «сары» түс көрсеткендер болмапты.     

Нұржан Жәкенов, күзетші:

- «Қызыл», «сары» белгісі анықталған жағдайда санитарлық дәрігерлерге хабарланып, олар ары қарай өздерінің шараларын жасай береді.

Тәулік бойы жұмыс істейтін Қостанай теміржол вокзалына күніне екі мың адам кіріп шығады екен. Оның бәрін бақылау күзет қызметіне қиынға соғатындығы түсінікті. Сондықтан вокзал әкімшілігі Еңбекпен қамту орталығы арқылы қосымша адамдар алуды көздеп отыр.

Төлеген Саматов, вокзалдың бөлім басшысы:

- Қостанай қаласы әкімшілігі көмегімен Еңбекпен қамту орталығынан бізге 3 адам бөлінеді. Олар осы таңғы 9:00-ден кешкі сағат 18:00-ге дейін вокзалда жұмыс атқарады. Бүкіл жолаушыларды QR-код арқылы тексереді. Қалған уақытта біздің инспекторлар жұмыс атқарады.  

Қосымша тексеріс ыңғайсыздық тудырып жатса да, індеттің алдын алуға бағытталған бұл шараға жолаушылар түсіністікпен қарайды.

Әсия Сәдуақасова, жолаушы:

- Негізінде мен дұрыс деп ойлаймын. Неге десеңіз, карантинде отырған кісілер жолға шығып, бір-біріне жұқтыру қаупі зор. Сондықтан енгізген дұрыс деп ойлаймын. Бұны барлық жерге орнатса болады.  

1 шілдеден бастап Ashyq мобильді қосымшасы өңірдегі жеті теміржол станциясы мен вокзалдарда іске қосылады. Бірақ бұл жүйе бойынша әлі толық шешілмеген мәселелер бар. Мысалы, талап бойынша пайдаланылмаған билет ақысын қайтарып алу үшін вокзалға барып өтініш жазу керек. Ал егер QR-код «қызыл» не «сары» түсті көрсетіп, вокзалға кіре алмаған жағдайда оны қалай алмақ? Әлде алты ай күтуге тура келе ме?

Мағауия Қалиев, тілші:

- Вокзалға кіре берісте орнатылған Ashyq жүйесі сырқат адамның поездға өтіп кетпесіне толық кепілдік бере алмайды. Себебі электронды билетпен ішке кірмей-ақ, сыртынан вокзалды айналып өтіп, вагонға мінуге толық мүмкіндік бар. Ал ол жерде жолаушының денсаулығын тексеріп жатқан ешкім жоқ.

Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг