Хабар телеарнасы

Семейде белгісіз біреулер көне ғимаратты бұзуға тырысқан

Осыдан бір ай бұрын жергілікті өлкетанушылар дабыл қағып, көне ғимаратты мәдени қорғауға жататын ескерткіштер тізіміне енгізу жөнінде мәселе көтерілген еді. Алайда әлі күнге дейін нақты бір шешім шықпағандықтан, бәзбіреулер тарихи нысанды күштеп бұзбақ болыпты. Қазір полицейлер істің мән-жайын тексеріп жатыр.

Көне ғимараттың қирап жатқан тұсына қарап бұл жерде ауыр техника мен адам қолы аяусыз тер төккенін аңғару қиын емес. Әйтпесе қабырғасының қалыңдығы бір метр болатын көпес үйінің кірпіштері өздігінен құлай қоймайды. Осыдан бір ай бұрын нысанды сатып алған кәсіпкер оны бұзып, сауда үйін салмақ болғанда өлкетанушылар дабыл қаққан еді. Сөйтіп облыстық тарихи мұраларды қорғау жөніндегі комиссия ғимаратты сақтап қалуға кіріскен.

Жадыра Байсұлтанова, Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:

- Бұл ғимаратты жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне қосу, мәртебе беру туралы сұрақ қаралған болатын. Қазіргі таңда бұл ескерткіш бойынша тарихи құжаттар жинақталып, тарихи-мәдени сараптама жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сараптама жұмысы созыла түскені әлдекімдерге тиімді болған сияқты. Енді міне, ғимараттың бір бұрышы күл-талқан болып жатыр.

Павел Жуков, өлкетанушы:

- Бұл дегеніңіз – нағыз басбұзарлық. Біздің қалада осындай мәдени мұраларымызды сақтауға арналған бағдарлама жоғы қынжылтады. Шұғыл түрде осы құжатты дайындау керек. Әйтпесе сырттан келген туристерге көрсетер ештеңе қалмай барады.

Өкінішке қарай қалада бұдан басқа да тарихи ескерткіштер жағдайы мәз емес. Мәселен арнайы мемлекет қорғауына алынған бұрынғы әйелдер гимназиясының да бір қабырғасы таяуда опырылып түскен. Оның тағдыры да не болары белгісіз. Нысан жеке кәсіпкер иелігінде.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Жұртты дүрліктірген бұл оқиға бойынша қазір полицейлер сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жалғастырып жатыр. Алдын ала деректер бойынша тіпті бұл ғимаратты кешкісін трактормен жұлқып тартып жатқандарды көргендер де бар екен.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов