Хабар телеарнасы

Қостанай облысындағы тасжолдың тозығы жеткен

Сексен шақырымдық бұл аралық ұзақ жылдардан бері күрделі жөндеу көрмеген. Ара-тұра қиыршық тас төсеп, жамап-жасқағанмен, одан оңғаны шамалы.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Ұзынкөлден Солтүстік Қазақстан облысына дейінгі республикалық маңыздағы тас жолдың сиқы міне осы. «Шұрқ тесік, ойлы-шұңқырлы жол діттеген жеріңе жеткенше діңкеңді құртады», – дейді жүргізушілер. Сондықтан олар амалсыз далалық жолмен жүруге мәжбүр. Оның өзі жаңбыр жауса болды ми батпаққа айналады. 

Юрий Анисимов, жүргізуші:

- Сұмдық, итіңдеп, әрең жүресің. Қаншама жылдан бері осы 80 шақырымдық аралықты дұрыстап жөндеуге шамалары жетпей жатыр.

Дастан Исақов, жүргізуші:

- Қостанай мен Петропавлдың ортасы – 400 км. 16-18 сағат жүреміз. Жүк тасымалдаймыз, көлігіміз шашылып қалады. Тіпті доңғалақтары тесіліп қалып жатыр. Амал жоқ, келіп жатырмыз.

Кедір-бұдыр жол көліктің соры екендігіне өзімізде көз жеткіздік. Қанша абайлап жүрсек те, кезекті бір шұңқырда доңғалағымыз жарылды. Қатты соққыдан металл дискісі майысты. Осындай жағдайға тап болмас үшін жол үстінде көліктер бұралаңдауға мәжбүр. Әсіресе тауар тиеген ауыр жүк көліктеріне қиын. «ҚазАвтоЖол» өкілдерінің берген жауабына қарағанда бұл тас жол жүргізушілерді әлі талай титықтатын түрі бар.     

Андрей Горват, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қостанай облыстық филиалының директоры:

- Біз орталық аппаратқа хат жазып жібердік. Қазір олар жұмыс ауқымын, қажетті қаржы көлемін есептеп жатыр. Бұл жолдың бір шақырымын жөндеуге шамамен 60-65 миллион теңге қажет.

Ресми мәліметке сүйенсек, екі жылдың ішінде Қостанай облысында республикалық маңыздағы 300 шақырым жол жөнделмек. Оның негізгі бөлігі қайта жаңартылып, күрделі жөндеуден өтеді. Ал Ұзынкөл мен Солтүстік Қазақстан облысы аралығындағы жол бөлігі қашан қалпына келтірілетіндігі әзірге белгісіз.   

Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг