Хабар телеарнасы

Алматыда мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап мультфильм көрсетілді

«Территория Успеха» оңалту орталығының пациенттеріне арнап мультфильм көрсетілді. Қайырымдылық шарасының мақсаты – сал ауруына шалдыққан бүлдіршіндерді қиял-ғажайып ертегі әлеміне жетелеп, бір сәтке болса да ауру туралы ауыр ойдан айықтыру.

Алматылық Әсел Нұрдынованың қызы туа бітті сал ауруына шалдыққан. 6 жасар бүлдіршін өз еркімен отыра алмайды, тілі де толық шықпаған. «Территория Успеха» оңалту орталығында екі жыл ем қабылдағалы бері қызының денсаулығы жақсарған. Балалардың көп уақыты оңалту орталығында өтеді. Бір сәт сыртқа шығып сергіп, кинотеатрға барып қайту да олар үшін пайдалы. Әсерлі мультфильм бүлдіршіндердің жігерін, өмірге деген құлшынысын арттыра түседі. 

Әсел Нұрдынова, қала тұрғыны:

- Осы «Территория успеха» орталығына келгелі бері басын ұстайтын болды, аунайды, қолдарын тірей алады. Жалпы жақсы өзгерістер байқап жатырмын. Ұжым өте керемет. Теңіз жағалауына барып келген балаларда көп өзгеріс болып жатыр. Ол өзгеріске қарап қызығамыз, біз де армандаймыз.

Қайырымдылық шара «Территория Успеха» оңалту орталығының бастамасымен Almaty Mall сауда орталығындағы Kinoplexx 6 кинотеатрының қолдауымен ұйымдастырылған. Мультфильм көруге аталған орталықта ем алатын 30 бала келді. Сал ауруына шалдыққан балдырғандар үшін оңалту, мультфильм көру, теңіз жағалауында демалу ауадай қажет екен.

Ырымгүл Өтепова, «Территория успеха» қоғамдық бірлестігінің басқарма президенті:

- Осы сауда орталығындағы Kinoplexx 6 кинотеатрына алғысымды айтамын. Балаларға үлкен қолдау көрсетіп отыр. Енді өзге қолдаушылардың көмегімен сал ауруына шалдыққан балаларды теңізге жіберіп отырмақпыз. Теңіз суы мен құмды жағалау балалардың физикалық дамуына жақсы әсер етеді.

Ұйымдастырушылардың мақсаты – балаларға мультфильм көрсету арқылы оларды бір сәт болса да ауру туралы ойдан арылту. Сонымен қатар дерттен қажыған баланың, оны арқалап жүрген ата-ананың өмірге деген құлшынысын арттырады. 

Авторлары: Аршын Кемелжанұлы, Нұрдәулет Жақсыбаев