Хабар телеарнасы

Семейде жайқалып өсіп тұрған көпжылдық ағаштар кесіліп жатыр

Семейліктердің айтуынша, жергілікті биліктің талды түбірімен жұлу шешімі онсыз да нашар экологиялық ахуалға кері әсерін тигізетін көрінеді. Әкімдіктегілер: «Көпжылдық ағаштар ғана алып тасталынады және орнына жаңа көшеттер отырғызылады», - деп сендірді.

Коммуналдық мекеме жұмысшыларынан шошынған тұрғындар енді 1941 жылы соғысқа аттанған майдангерлер отырғызып кеткен тарихи теректі қорып жүр.

Жайқалған теректер негізінен қала орталығында көптеп кесіліп жатыр. Себебін іздеп көрсек, ағаштар сауда-бизнес орталықтарының алдын көлегейлеп, сәнін құртып тұрады екен. Ал Ұранхаев көшесіндегі талдар автотұрақ жоқтығынан түбінен қырқылыпты.

Ирек Яфизов, қала тұрғыны:

- Көлік қою үшін ғана ағаштарды аяусыз, сұраусыз қырқу дұрыс емес деп ойлаймын. Жанама жол салып немесе қапталына жаңа ағаштар егуге болады ғой. Бір тал кессең, он тал ек дегендей.  

Татьяна Епанчинцева, қала тұрғыны:

- Сұмдық! Бұлай істеуге болмайды. Қаланы алдымен көгалдандырып, жасыл белдеу қалыптастыру керек. Сосын барып шірігендерін кессін. Бізде керісінше жасыл желек көбейтудің орнына бәрін құртты. Бұл бір арнайы бағдарлама ма? Түсінбедік мүлдем.

Жауапты мекемедегілер ағаштар тиісті заңнама аясында кесіліп жатқанын айтады. Кәсіпкер қолданыстағы заңға сәйкес кескен талдардың орнына басқасын отырғызады екен.

Азамат Көмеков, қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Заңды тұлға Е-лицензия порталы арқылы жер актісін, орман  патологиялық сараптамасын, композициялық ағаш отырғызу жоспарын, кесте, кепілхат, көшет сату және сатып алу келісімшартын көрсетті. Енді ол жыл соңына дейін кесілген әр 3 теректің орнына 30 ағаш егуі тиіс. 

Жас көшеттер шынымен егіліп жатыр. Бірақ күтімі нашар. Шыбықтар күннің шыжыған ыстығында тұр. Көбі тамырлай алмай, солып қалған.

Тамара Сумбулова, қала тұрғыны:

- Жас өскіндер суарылатын шығар. Бірақ коммуналдық мекеменің жұмысы салғырт. Тек бетін дымқылдап өтеді. Тамырына нәр жетпейді. Алысқа бармай-ақ мына алаңқайда көкмайса шөп өсіп тұратын. Қазір сол көгалдың орнында мына қураған қайыңдар иесіз ескерткіш ретінде тұр.

Тұрғындардың бір легі табиғат үшін шырылдап, әр талды қорып жүрсе, кедергі келтірген ағаштарды қырқуға өтінім беретіндер де көп екен. Жуық арада семейліктердің арызына сәйкес тағы 140 тал тамырымен жұлынады.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов